V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: алматылық киіз үйлер туристерді тәнті етті

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Алғашқы күні-ақ 5000-нан астам адам келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Алматы қаласы туристік, тарихи және спорттық орталық ретінде кеңінен таныстырылды. «Көшпенділер әлемі» этноауылында Welcome to Almaty деп аталатын футуристік киіз үй ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Орталық 12 қанатты киіз үйге келгендер Алматының көркі көз тартар табиғи сұлулығын, қала пейзажын, инфрақұрылымы мен тұрғындарын көре алады. Визуалды және дыбыстық эффектілердің арқасында қонақтар қаланың атмосферасына еніп, шаһардың ерекше рухын сезіне білді. Дөңгелек және едендегі LED экрандар жоғары технологиялық арнайы эффектілер арқылы туристерді қайран қалдырып, көшпенділердің баспанасына енгендей әсерге бөледі.

Көршілес «Ұлттық қазына» атты киіз үйде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қазақтың ұлы ақындарының, күйші-композиторларының және жырауларының музыкалық аспаптарының көшірмесі, сондай-ақ қазақтың ежелгі халық аспаптары қойылған ерекше топтама ұсынылды. ҚХР, Бразилия, Малайзия, Италия және Нидерландыдан келген туристердің ерекше қызығушылығын туғызған экспозиция халық музыканттарының орындауындағы күйлердің «жанды» дыбысымен сүйемелденді.

Ал үшінші киіз үй қазақтың дәстүрлі мәдениетінің ежелгі элементі «Біз кестеге» арналған. Бұл киіз үйде алматылық шебер-суретші Зейнелхан Мұхамеджанұлының көрмесі ұйымдастырылған. Мұнда шебердің ілмек пен түрлі-түсті жіптер арқылы жасаған құнды бұйымдары қойылған. Ниет білдірушілер шеберлік дәрістеріне қатыса алады.

Алматылық киіз үйлердің көрмесіне алғашқы күні-ақ 5000-нан астам адам келді. Қонақтарды ерекше әсерге бөлеген тағы бір нәрсе – Жетісудың барлық мәдени сұрыпты алма ағашының атасы – Сиверс алмасы бейнеленген бақ декорациясы еді.

Сондай-ақ Алматы «Ұлы дала үні» атты ауқымды концерт ұсынды. Оған Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Айгүл Қосанова, Зарина Алтынбаева, Aray тобы, Ulytau этно-рок тобы, «Тұран» ансамблі, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Славян базары» байқауының лауреаттары мен жүлдегерлері Шерхан Арыстан, Ерназар Жұбан және DJ Prashkevich сынды отандық эстрада жұлдыздары мен аты аңызға айналған өнерпаздар қатысып, көрермендерді тәнті етті.

Оқи отырыңыз: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: қатысушылар 7 спорт түрінен сынға түседі

Новости партнеров