Бүгін Алматыда спорт түрлерінен президенттік сынақ бойынша республикалық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осымен алтыншы рет ұйымдастырылып жатқан шарада еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналып, өзара бақ сынасады. Олардың арасында халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар да бар.
Сапта тұрғанның бәрі – өз аймағында өткен іріктеулерден іркілмей, ақтық кезеңге жолдама алған үздіктер. Республикалық шараға еліміздің 14 өңірінен барлығы 200-ге жуық спортшы қатысуда. Олар жас айырмашылығы бойынша оқушылар мен жасөспірімдер және ересектер тобы болып сынға түседі.
«Қатысқаныма бірнеше жыл болды. Осындай жарыстар көбейсе екен дейміз. Өз басым осы жарысқа 2-рет келіп отырмын. Алдағы мақсатым – Қазақстан чемпионаттарын ұтып, әлемдік дәрежелерге шығу», – деді жарысқа қатысушы Ақылбек Қабдолмәжит.
Жарыс командалық және жекелей біріншілік ретінде өтеді. Ал ұйымдастырушылар бүгінде бұқаралық спорт кеңінен дамып келе жатқанын айтады. Оған бірден-бір себеп – осындай жарыстардың көптеп өтуі дейді мамандар.
«Бұл спорт түрі барлық спорттың баспалдағы саналады. Себебі мұнда бәрі бар. Бұл – нағыз бұқаралық спорт түрі», – деді Президенттік сынақ және көпсайыс федерациялар одағының вице-президенті Саят Нәдірбек.
Айта кетейік, аталмыш спартакиада 22 қарашаға дейін жалғасады.
Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы