Әлемдік додада оза шапқан Кабирханды бастапқыда ешкім менсінбеген

Almaty.tv
Almaty.tv
60 мың көрерменнің көзайымына айналған жүйрік 1 миллион АҚШ долларын жеңіп алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төрткүл дүниеге мемлекетімізді мәшһүр еткен Кабирхан 12 қарсыласын артта қалдырып, Мейдан ипподромындағы 60 мың көрерменнің көзайымына айналды. Әлем таныған жүйрік 27 қаңтардағы бәйгеде оза шауып, 1 миллион АҚШ долларын жеңіп алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқ бойы оза шапқан қазақстандық қамыс құлақтың 12 қаңтарда Дубайдағы дүбірлі додада аттардың алды болып келеді деп ешкім ойламаған. Төрт тұяғын тең басқан тұлпар сол кезден бастап әлем елдерінің назарын өзіне аудара бастаған. Бірақ классикалық бейгеде бабы мен бағы қатар шапқан біздің Кабирханды алғашында ешкім елей қоймапты.

– Еуропада,АҚШ мемлекетінде олардың жарыстары жоғары болғандықтан, бізді менсінбейді. Қазақстанда да, Ресейде де бәсекелестік аз. Бірінші жарыстан кейін мән бере бастады. Кабирханның бабы келіп тұрғанын мойындап жатыр. Біз финалға шықтық, – деді тұлпардың иесі Тілек Мұханбетқалиев.

Бұл – Біріккен Араб әмірліктеріндегі, тіпті тұтас ғаламшардағы ең үлкен «Мейдан» ипподромындағы «Аль-Мактум Челендж» шабысы. Ағылшын тұқымды, таза қанды Кабирхан бұл бәсекеде де мәре сызығын алғаш болып аттады. Ол кезде әлем сарапшыларының таңданысында шек болмапты. Себебі бұл жеңіс қазақ атбегілерінің сөнуге сәл-ақ қалған сәулесін қайта жағумен пара-пар болған деседі.

– Мықты жаттықтырушылар, тренер-жокейлер шет елге кетіп қалды. Ұлы көшпенділердің елінде тұрып, аттарды баптап, өсіре алмасақ, ол бізге сын, – деді Qazaq jockey club төрағасы Мақсат Ахаев.

Тағасынан тартып, бағасының өзі қазіргі нарықта 20 миллион АҚШ долларына сай аталып жатқан жүйрік жайлы әлемдік басылымдар да жарыса жазып жатыр. Бірі тұлпарды «Жоқшылықтан шыққан ат» деп сынаса, енді бірі «Жоқшылықтан байлыққа» деп басты тақырып қойған. Алайда кім не десе де, әлемді өзіне қаратқан Кабирханды көпшілік қазіргі «құлагерге» балап жатты. Қазіргінің құлагері енді екі апта демалыста. Өйткені наурызда аттың ақтық сайысы.

– Дубайда ұтқан жүйріктің тұқымы, соған қарап таңдадым. 30 наурызда оның жүлдесі 12 миллион доллар болмақ, – деді тұлпардың иесі Тілек Мұханбетқалиев.

Күні кеше әлемдік аренада еліміздің жалауын желбіреткен тұлпар Кабирхан екі жасынан бастап жаттыққан ипподромда, бәлкім, болашақта ат тұяғын тай басып, небір чемпиондар шыға жатар.

Атбегілердің феноменіне айналған аттың қоржынында қазірдің өзінде 1 миллион доллар жүлде бар. Бұл –тек соңғы сайыстың қорытындысы. Ал жүйріктердің алды болған Кабирханға Кабир, яғни ұлы хан деген есім берілген. Тұлпар енді 30 наурызда Дубайдағы ақтық сайыста бақ сынайды. Жүлде қоры 12 миллион АҚШ доллары.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров