650-ге жуық ойыншы шахматтың 3 түрінен сайысқа түседі
Алматыда шахматтан XXVI жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты басталды. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі додада 34 елден келген 650-ге жуық ойыншы бақ сынамақ. Бұл – әлемдік турнирлердің ішінде қатысушылар саны бойынша рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде алғаш рет жасөспірімдер арасында ұйымдастырылып отырған дүбірлі доданың ашылу рәсімі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Бақ сынауға Азияның әр бөлігінен 7 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер келген. Атап айтсақ, Иран, Өзбекстан, Ресей, Вьетнам, Үндістан, Қырғызстан, Моңғолия, Сингапур мен Шри-Ланка, Қытай және Оңтүстік Кореядан 650-ге жуық ойыншы қатыспақ. Олар алдағы 10 күн бойы шахматтың 3 түрінен сайысқа түседі.
– Рапид, стандарт және блиц түрінен жарысады. Блиц – өте жылдам ойнайтын шахматтың түрі. Қазақстандық жасөспірімдер әлемде медальдар алып келіп жатыр. Былтыр 120-дан астам әлемдік жарыста ожалы болдық, – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
XXVI жасөспірімдер арасындағы чемпионат – Орта Азия мемлекеттері үшін маңызды оқиға. Ал халықаралық деңгейдегі доданың биыл Алматыда өтуі – елдегі шахматтың дамып келе жатқанына дәлел.
Айта кетейік, турнир Азия және Қазақстан шахмат федерациясы, Туризм және спорт министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
– Қазақстаннан 170 бала қатысып жатыр. Балалардың арасында өсіп келе жатқан жас дарындар бар. Солар болашақта мемлекетімізді халықаралық деңгейде жақсы көрсетеді деп ойлаймыз. Соған үміт артып отырмыз, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.
Чемпионатқа қатысушылар арасында қазақстандық 2 халықаралық шебер бар. Жақында үшінші гроссмейстерлік норманы орындаған Алдияр Аңсат пен Әмина Қайырбекова Үндістан мен Өзбекстаннан келген қарсыластарымен сынға түседі. Барлығы 24 ФИДЕ шебері және 11 ФИДЕ әйел шебері бақ сынайды.
– Алматы қаласына бірінші рет келдім. Әсем шаһарда өтіп жатқан дүбірлі додаға қатысу - мен үшін үлкен абырой. Чемпионатта жеңіске жетпесем де өкінбеймін. Өйткені халықаралық деңгейдегі байқауда бағымды сынап, мол тәжірибе жинайтыныма сенімдімін, – деді XXVI Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қатысушысы Сейда Минахил (Пәкістан)
Ұйымдастырушылар халықаралық байқауды «экологиялық тазалық» ұранымен байланыстырған. Жеңімпаздарға арналған кубоктар пластиктен жасалған. Сондай-ақ ойыншылар пайдаланған барлық материалдар кейін қайта өңдеуге жіберілмек. Бағын сынап келгендер үшін чемпионаттан тыс уақытта әсем шаһар Алматының көрікті жерлерін көруге де мүмкіндік жасалған.
Айта кетейік, дүбірлі доданың марапаттау рәсімі 20 маусымда сағат 19:00-де өтеді.
Аяулым Көлжігіт, Әмина Үсенова, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Елімізде уақыт кері қайтарылуы мүмкін