Көшпенділер ойындарының жеңімпазы: Қазақстан құрамасы 115 медаль иеленді

Almaty.tv
Almaty.tv
Додада еліміздің ұлттық құрамасы жеңімпаз атанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жалауын желбіреткен дүниежүзілік көшпенділер ойыны да өз мәресіне жетті. Бүгін Қазанат ипподромында әлемдік бесінші бәсекенің соңғы ойындары өтіп, жүлделер сарапқа салынды. Сәйгүлігін баптап келген шабандоздардың бағы мен бабы қатар шапты. Ұлттық құраманың жігіттері тамаша нәтиже көрсетті. Қазақстан спортшылары командалық есепте бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.     


Көп күткен байрақты бәсеке көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Дүбірлі доданың соңғы күнінде жарыс алаңына шабандоздар шықты. Тақым қысып, тұлпарын сайлап келген жігіттер бәйгеде ешкімге есе жібермеді. Алдына қара салдырмаған сәйгүліктер ең тартысты ойынды 3200 метр қашықтықтағы жорықта көрсетті. Ал аламан бәйгеде Алматы облысының Айқабақ атты тұлпары қарсыластарын шаң қаптырып, мәреге бірінші келді.

«Зымыран өте мықты болды. Соңғы сәтте біртіндеп шабысты үдеттім. Сосын 500 метр жеткенде озып кеттім. Алматы облысы Ақтерек ауылынан боламын», - деді шабандоз Бақтыбай Сержан.  

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V дүниежүзілік көшпенділер ойыны бізде өтетінін айтқан кезден бері қызу дайындықта болдық. Былтыр да, биыл да бірнеше іріктеу кезеңін өткіздік. Қазақстанның атынан шығып жатқан ойыншыларға ең үздік жылқылар берілді», - деді Бәйге федерациясының вице-президенті Жомарт Сайболатов.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел құрамасы командалық есепте бірінші орынға шықты. Ұлттық құрама сапындағы қыз-жігіттер бабы мен бағын қатар жағы білді. Олардың еншісінде 114 медаль, оның ішінде 44-і алтын, 33 күміс, 37 қола жүлде бар. Командалық есепте Қырғызстан екінші орында тұр. Барлығы 64 медаль, оның 18-і – алтын, 21-і –күміс, 25 – қола жүлде. Әлемдік деңгейде ұйымдастырылған шараның жабылу салтанаты этноауыл алаңында өтті. Оған осы сайыстарда өнер көрсеткен споршылар қатысты.

Түбі бір түркі әлемі көз тіккен көшпенділер ойыны осымен тәмам. Бес күнге созылған дүбірлі додада 80-нен аса елдің қатысушылары 21 спорт түрінен жүлделерді сарапқа салды. Ендігі жоспар бойынша келесі жарыс қырғыз жерінде жалауын желбіретеді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы


Оқи отырыңыз: Көшпенділер ойындары: жалпы есепте қазақстандық садақшылар І орынға шықты

Новости партнеров