Көшпенділер ойындары: жалпы есепте қазақстандық садақшылар І орынға шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
Ертең теңге ілу, құсбегілік, бәйгеден доданың жеңімпаздары анықталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Күллі түркі әлемі көз тіккен Көшпенділер ойыны да аяқталып қалды. Жоспарланған 21 сайыстың төртеуі бойынша ертең ақтық сын өтеді. 89 елдің қатысушылары бақ сынап, өзара мықтыны анықтайды. Ал бүгін Көкпар мен Көк бөруде қазақтың шабандоздары бабы мен бағын келістірді. Ұлттық құрама көкпардан Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Намыстың нары, тұлпардың бабы сыналған сында қазақ көкпаршылары жарады. Ұлттық құрама оғландары сайыс соңында қарсыластарына дес бермеді. О, баста айыр қалпақты ағайындардың көкпаршылары басым келе жатқан. Соңғы минуттарда біздің жігіттер есепті еселей түсіп, алға шықты. 5:4 болып аяқталған ойын тартысты өтті.

– Психологиялық тұрғыда жігіттеріміз дайындығын көрсетті. Қаншама жанкүйер, көрермен бар, солардың бәрін тоқтатып көрсеттік. Шабыттанып, намысты қолдан бермеді! Жігіттерге рақмет! – деді көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ақылбек Манкеев.

Бесінші көшпенділер ойынында ең тартысты өткен ойын көкпар болды. Алаңда қатысушыларға жанкүйер болған халықтың қарасы қалың.

Жамбы атудан да жігіттер жарады. Жалпы есепте қазақстандық садақшылар І орынға шықты. Мергендеріміз 4 стиль бойынша сайысқа түсіп, 6 медаль жеңіп алды. Оның екеуі алтын, екеуі күміс. Ал этноауыл маңында құсбегілер  шеберлігін сынға салды. Бүгін доданың іріктеу мен жартылай финалдық кезеңі өтті. Ертең тап осы спорт түрінен қатысушылар ақтық сында жүлделерге таласады.

– Көшпенділер ойынында қазақстаннан 9 спортшы қатысып отырмыз. Бүркітпен жарыс болды. Қазақстанның үш бүркітшісі де жақсы нәтиже көрсетті, финалға шықтық, – деді құсбегі Серікбек Күнтуғанұлы

Бесінші әлемдік бәсекенің соңғы күнінде теңге ілу, құсбегілік, бәйгеден доданың жеңімпаздары анықталады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Көкпар мен көк бөрү ережелері біріздендіріле ме: министр пікір білдірді

Новости партнеров