Алматыда қанша спорт нысаны бар

16.01.2023 в 21:36

Мегаполисте 15 мың адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады

Алматыда мектеп оқушыларының спорт түрлерімен тегін айналысуына мол мүмкіндік бар. Бүгінде олар қатысатын секция саны көбейген. Жалпы мегаполисте 15 мың адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Ал бұқаралық спортқа тартылғандар саны 300 мың адамға жеткен.


Қала әкімдігі алматылықтардың әсіресе, оқушылардың спортпен айналасуына қолжетімділігін арттыруды тапсырған еді. Жетісу ауданындағы Айнабұлақ кешені осының айқын дәлелі. Өткен жылдың қазан айында жұмысын бастаған нысанда қазір спорттың 11 түрінен 420 оқушы жаттығып жүр.    


«Балалар жан-жақтан келіп, қатысып жатыр. Алдағы уақытта жарыс болады. Соған дайындық жүргізіп жатырмыз. Осындай кешен үшін әкімшілікке алғыс білдіреміз», – деді спортшы Айкөркем Тұрлығазы.


Мұндай спорт кешендерінің қала орталығында ашылуы бірінші кезекте тұрғындар үшін аса тиімді. Ата-аналар балаларын алысқа апармай-ақ, жақын маңайдағы түрлі спорт секциясына бере алады. Каратэ, дзюдо, волейбол мен баскетбол, қазақша күрес және тоғызқұмалақ сынды үйірмелердің бәрі мұнда тегін.


«Айнабұлақ спорт кешенінде барлық жағдай жасалған. Мен өскенде әлем чемпионы болғым келеді. Еліміздің туын желбіретуге дайынмын», – деді спортшы Сұңқар Үміткәрім.



«420 бала жаттығып жатыр. Әлі де біздің балаларды қабылдайтын мүмкіншілігіміз бар. Бір уақытта 650 балаға дейін жаттыға алады. Бәрі де мемлекет қаражатынан. Жергілікті бюджет есебінен биыл Алматыда 3 спорт нысаны мен 1 теннис орталығының құрылысы басталды. Бұл  салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жасалып отырған игі қадам. Сондай-ақ, онда жұмыс істейтін жаттықтырушыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі, - дейді басқарма мамандары», – деді №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Бекен Ақбаев.


«2020 жылдан 2022 жылға дейін спорт жаттықтырушылардың жалақасы 75 пайызға дейін көтерілді. Биылғы жылы тағы да 25 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Жалпы саны 2022 жылы 809 маманның жалақысы көтерілді», – деді спорт басқармасының бөлім басшысы Ерсұлтан Кенжебеков.



Қалалық спорт басқармасының мәліметі бойынша, бүгінде мегаполисте спортпен жүйелі түрде шұғылданатын адам саны 800 мыңға жуықтаған. Бұл шамамен жалпы қала халқының 37 пайызы екен. 

Айта кетейік, қазір Алматыда барлығы 3699 спорт нысаны бар. Оның мыңнан астамы білім беру мекемелеріне тиесілі болса, 26-сы мемлекеттік ұйым. Ал қалған 2 мыңы  жекеменшік.  


Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы.