Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, қайғырудың қажеті жоқ
Қазақстанға қосалқы бөлшек ретінде әкелінген көліктер бойынша жеке-жеке шешім қабылданады. Бұл туралы ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
23 қаңтарда шетелдік көліктерді заңдастыру шаралары басталады. Ресми мәліметке сәйкес, заңдастыруға ілігетін шамамен 300 мың көлік бар. Бірақ Қазақстанға қосалқы бөлшек ретінде әкелінген конструктор-автомобильдер де аз емес. Олардың құжаттары жоқ.
Бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха ондай көліктер заңдастырылмайтынын айтқан. Себебі ешқандай құжаты жоқ. Оған қоса, қауіпсіздік мәселесі де бар. Осы жағдайдан кейін көлік жүргізушілері жиналып, наразылық білдірді. Тіпті, Лепеханы отставкаға жіберуді талап етті.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, заңдастару кезінде халыққа қызмет көрсету орталығына конструктор-көліктердің иелері де жүгіне алады. Бірақ құжат көрсету керек.
"Тағы бір мәселе, ол – біздің шекарадан қосалқы бөлшек ретінде кірген автокөліктер. Олар қазір республика бойынша қолданылып жатыр. Біз бұл автокөліктер бойынша да жұмыс жүргізіп жатырмыз. Көлік иесі заңдастыру үшін құжаттары мен көлігін сол автоЦОН-ның тіркеу бөліміне алып келуі керек. Сол жерде біз барлық құжатты зерделеп, бәрін тексеріп, әр автокөлік бойынша жеке-жеке шешім қабылдаймыз. Сондықтан қазір сол үшін қайғырудың қажеті жоқ. Бұл мәселе толығымен қаралады", - деді Сұлтанбаев бүгінгі онлайн брифингте.
Дереккөз: Sputnik Қазақстан