Алматыда қалалық спорт басқармасы мен хоккей федерациясының қолдауымен шеберлік сағаты өтті. Мақсат – балалар мен жасөспірімдер арасындағы шайбалы спортты дамыту. «Алматы Арена» мұз айдыны кешенінде ұйымдастырылған іс-шарада танымалы шебер, олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Игорь Кравчуг өз тәжірибесін бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Семинардың мақсаты – Қазақстандағы, әсіресе, Алматыдағы хоккейді дамыту. Екі күнде біршама тақырыптарды талдадық. Өте жақсы буынның өсіп келе жатқанын байқадым. 10-13 жас аралығындағы балалардың қандай талантты екенін көріп отырмыз. Сондықтан қазақстандық хоккейдің болашағы жарқын деп сеніммен айта аламын», – деді Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Игорь Кравчук (Ресей).
Шеберлік сағаты екі бағыт бойынша өтті. Бірінші бөлім қаладағы балалар командасының жаттықтырушыларына арналса, екінші бөлімде жас хоккейшілер мен олардың ата-аналарына пайдалы кеңестер берілді. Айта кетейік, бүгінде шайбалы хоккейдің канадалық моделі кең танымал.
«Негізгі мақсатымыз – хоккейді насихаттау, оны дамыту. Федерация бүгінде бірқатар жұмыс атқарды, сол нәтижені әлі де өсіру керек. Алдағы уақытта федерация жанынан ғылыми-зерттеу орталығын ашсақ деген ойымыз бар», – деді қалалық хоккей федерациясының басшысы Жарқын Әлжанов.