Алматыда кәсіпқой боксшыларға арналған отандық жаңа промоушен ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еліміздің жас спортшыларынан құралған ұйымның таныстырылымына қазақ спортының майталмандары қатысып, кештің куәсі болды. Олардың арасында Дамир Исмағұлов, Еркебұлан Тоқтар, Жаңқош Тұраров және ел тарихында ең үздік бапкер атанған Тұрсынғали Еділов бар.
«Біздің спортшылар медиа жағынан өссін. Халықта шетелдіктерге қарағанда біздің спортшыларға қызығушылық көп болсын», – деді спортшы Еркебұлан Тоқтар.
Жаңа промоушен жақында 4 салмақ дәрежесі бойынша Гран-при турнирін өткізуді жоспарлап отыр. Жалпы сыйақы құны 30 миллион теңгені құрайды. Бокс кеші Алматыда өтеді.
«Қазір 6 боксшы бар. Бесеуі спорт шебері болса, біреуі ғана спорт шеберлігіне үміткер. Барлығының болашағынан үміт күтеміз. Қазір жұмыс істеп, еңбектеніп, тәжірибе жинау керек», – деді промоушен президенті Руслан Задарновский.
«Жас спортшыларды алып жатыр. Олардың дамуына мүмкіндік береді. Қазақстанда осындай ұйымдар көп болса, боксшылар арасында бәсекелестік артып, халықаралық аренада қазақтың аты шығары сөзсіз», – деді спортшы Дамир Исмағұлов.