Алматыда аралас жекпе-жектен Халықаралық NFC 40 турнирі өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Додаға ел атынан 14 спортшы қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда аралас жекпе-жектен Халықаралық NFC 40 турнирі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бәсі жоғары додаға ел атынан 14 спортшы қатысып, октагонда өнер көрсетті. Олардың арасында Фанил Рафиков, Қазбек Сағын сынды белгілі файтерлер бар. Алматы аренаға жиналғандар кезекті рет 28 спортшы қатысқан 14 жекпе-жекті тамашалады. Көпшілік жеңіл салмақта өнер көрсететін алматылық Қазбек Сағын мен армениялық Варшам Георгиян арасындағы кездесуді асыға күтті. Отандасымыз октагонға шыға сала қарсыласын ауыр соққының астына алып, қарымта шабуылға шығуына мүмкіндік бермеді. Кейін Қазбек 1-раундтың аяғына қарай армениялық спортшыны 1 соққымен сұлатып түсірді.

«1-2 қателігім болды. Онымен жұмыс істейміз. Бастысы бәрі жақсы аяқталды. Алда көп демалмай 1 апта ішінде қайта жаттығуға кірісемін. Жақын арада тағы жекпе-жек өткізгім келеді», – деді файтер Қазбек Сағын.

Жанкүйер тағатсыздана күткен тағы бір кездесу атышулы «қазақстандық Макгрегор» лақап атымен танымал Фанил Рафиков пен өзбекстандық Фарходжон Машрапов арасында өтті. 3 раундқа созылған жекпе-жекте төрешілердің шешімімен өзбек спортшысы жеңіске жетті. Осылайша Фанил Рафиков мансабында 6-рет жеңіліс тапты.

«Фарходжон былай қарасаң жақында ғана шешім қабылдап, шыққан болатын. Ол өздеріңіз көргендей физикалық-функционалдық тұрғыда кішкене Фанилден жоғары болды. Өте қиын жекпе-жек болды деп айтсам қателеспеймін. Өзіме ұнады. Өте керемет жеңіс. Машраповты құттықтаймын», – деді  «Naiza fighting championship» лигасының президенті Нұрбек Қарабала.

Ал кештің басты кездесуі қазақстандық спортшылар Олжас Абзалиев пен Нұрғали Нұрғайпұлы арасында өтті. Екеуара жекпе-жек 5-раундқа дейін жалғасты. Бұл айқаста Олжас Абзалиев төрешілердің шешімімен жеңіске жетіп, лиганың жартылай ауыр салмақтағы чемпионы атанды. Бүгінде NFC турнирі ұйымдастырылуы жағынан әлемдегі ең үздік 25 лиганың қатарына кіреді. Мұнда ұлттық құндылықтарға басымдық берілген. Яғни төрешілер жарыстың басынан аяғына дейін жекпе-жектерді тек қазақ тілінде өткізеді. Келген көрермен де экран арқылы өз өнерлерін көрсетіп ерекше әсер алса, қыздар «қамажай» биледі.

Ұйымдастырушылар енді 16 шілдеде Ақтауда Хабиб Нурмагомедовтің лигасымен бірлесіп, үлкен турнир өткізуді жоспарлап отыр.

Мерей Қанапиянов, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров