Алматыда бірыңғай ВТБ лигасы аясында баскетболдан жарыс өтті. Ресей чемпионатында өнер көрсететін “Астана” клубы «Нижний Новгород» құрамасын қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алайда жерлестеріміз қарсыластарына есе жіберіп, ұтылып қалды. Қос клуб арасындағы ойынның алғашқы таймы өте тартысты әрі шиеленіске өтті. Әзірге елордалық клуб 1 ұпай басымдылығымен яғни 11:10 есебімен алда келеді.
Астана баскетболшылары жылдам әрі комбинациялық ойынға көшті. Есеп 5:0. Алайда уақыт өткен сайын қарсыластар қарымта шабуылды күшейтіп, лақтырған добы дәл түсті. Осылайша жеңісті уысынан шығарып алған жерлестеріміз 49:69 есебімен «Нижний Новгородтан» жеңілді. Елордалық клуб ойындарының Алматыда өтуі қала тұрғындарын ерекше қуантты, жанкүйерлерге ВТБ лигасын көру бақыты бұйырды.
«Алматыдағы алғашқы ойын. Соған көрермен боп келдік. Ойын қызық өтіп жатыр. Өзіміздің Астанаға жанкүйер боп отырмыз», – деді көрермен Арайлым Жолдас.
«Бұл спорттың тұрақты көрерменімін. Яғни Астананың осы жылы плей-офф ойындарына шығуын күтіп жүрмін. Бүгінгі ойында жеңіс біз үшін өте маңызды», – деді көрермен Мұхамеджан Бердіхан.
«Біз Астана үшін, еліміз үшін жанкүйер боп отырмыз. Өз басым ойындарынан ерекше әсер алдым. Допты ұстап, лақтырулары өте керемет», – деді көрермен Даниел Ахангари.
Жанкүйерлер арасынан осы ойынды көріп, балаларымды баскетболға беремін деген ата-аналар табылды.
«Балаларымызға, келешегімізге спорт керек. Сондықтан мен балаларымды ертіп келіп отырмын. Бүгін өте күшті, көңілді спорт түрі болып жатыр. Баскетбол біздің елімізге, келешекке керек деп ойлаймын. Біз болашағымызды спортқа тәрбиелеуіміз керек», – деді көрермен Роза Алтыхан.
Айта кетейік, Астана 10 сәуірде Мәскеулік ЦСКА-ға қарсы ойнаса, араға екі күн салып Парма құрамасын қабылдайды. Екі матчта Алматыда өтеді.
Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы.