Моңғолияда еркін күрестен Азия чемпионаты аяқталуға жақын. Бүгін ерлер арасындағы жарыстардың жеңімпаздары анықталады. Қазақстанның үш палуаны финалда белдеседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
74 келі салмақта Нұрқожа Қайпанов жартылай финалда қырғыз палуаны Исламбек Орозбековты (15:8) жеңіп, финалға шықты. Ақтық бәсекеде Қайпанов ирандық Йонес Әлиақба Эмамичогаеимен кездеседі.
Азамат Дәулетбеков (86 келіге дейін) қырғыз спортшысы Саяқбай Юсуповты (10:0) жеңді. Финалға оған қарсы үндістандық Дипак Пуния шығады.
Ал Әлішер Ерғали (125 келіге дейін) жартылай финалда Оңтүстік Кореядан келген Йехён Чонды (9:6) тізе бүктіріп, финалға шықты. Ерғали алтын медаль үшін ирандық Йадоллах Мохаммадказем Мохебимен белдеседі.
Бұдан бөлек, тағы екі жерлесіміз қола үшін таласады. Олар – Ақбар Құрбанов (61 келіге дейін) және Әділет Давлумбаев (92 киліге дейін). Финалдық бәсекелер бүгін Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 16:00-де басталады.
Айта кетері, әйелдер арасындағы жарыстарда төрт жүлдеміз бар. Апалы-сіңлілі Мәдина және Жәмила Бақбергеновалар Азия чемпионы атанса, Гүлмарал Еркебаева күміс жүлдені, ал Жұлдыз Ешімова қола жүлдені жеңіп алды.