Жаһан жұртын әбігерге түсірген COVID-19 спортқа да кері әсерін тигізуде. Наурыз айында тоқтап қалған футбол ойындары қайта басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірақ футболшылар жанкүйерсіз ойнайды. Чемпиондар лигасының биылғы маусымы Лиссабонда «Сегіздің финалы» форматында өтеді. Бұл туралы Италияның бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Дереккөз мәліметінше, Еуропа лигасы да осындай форматта Германияда аяқталады. Ал Еуропаның Суперкубогы матчы Будапешт қаласында өтеді. Әйелдер арасындағы Еуропа лигасы «Сегіздің финалы» форматы бойынша Испанияда ұйымдастырылады. Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы «Ювентус» - «Лион» және «Барселона» - «Наполи» қарымта матчтары Турин мен Барселонада өтеді. Еске салайық, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы наурыз айында коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылған болатын.