Ұлттық құрама мүшесі, фристайлшы Юлия Галышева жекелеген могулда үздік атанып, қанжығасына алтын медаль байлады
Алматыда алғаш рет фристайл-могул тұжырымы бойынша әлем кубогы ұйымдастырылды. 13 мемлекеттің спортшылары өзара кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. Ұлттық құрама мүшесі, фристайлшы Юлия Галышева жекелеген могулда үздік атанып, қанжығасына алтын медаль байлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шымбұлақ төрінде ұйымдастырылған фристайл-могул тұжырымы бойынша бақтарын сынауға 13 мемлекеттен 70-тен аса спортшы келген.
Ал Қазақстан намысын 8 спортшы қорғады. Тек жекелеген могул бойынша Юлия Галышева үздік өнер көрсетіп, қоржынға алтын салды.
Жекелеген могул бойынша Юлия Галышева 79,69 ұпаймен алтын, француздық Перрин Лаффон 79,11 ұпаймен күмісті еншілесе, қола жүлдені 76,44 көрсеткішімен канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант місе тұтты. Осы тұжырым бойынша ерлер арасындағы сайыста Павел Колмаков үздіктер қатарынан көріне алмады. Алтын медаль жапондық спортшы Икума Хорисимаға бұйырды. Ал Юлия Галышева тілшілермен кездесу барысында алдымен жанкүйерлері мен бапкеріне алғысын білдірді.
«Жанкүйерлердің қолдауы біздің команда үшін маңызды болды. Бәріңізге алғысым шексіз. Біз қолдан келгенін жасадық. Өкінішке қарай, Павел үздік алтылыққа іліне алмай қалды. Әйтпесе, қазір осында екеуміз отыратын едік. Алдағы уақытта сәттілік серік болсын деймін», – дейді ҚР ұлттық құрама мүшесі, әлем чемпионы Юлия ГАЛЫШЕВА.
Ал 3 наурыз күні ауа райының қолайсыздығына байланысты параллельді могул сайысы өтпеді. Бірақ жалпы командалық есеп бойынша жеңімпаздар марапатталды. Хрустальді глобус иегерлері, олимпиада чемпиондары канадалық Микаэль Кингсбери мен француздық қыз Перрин Лаффон атанды. Айта кетейік, Юлия Галышева жалпы командалық есепте төртінші, ал Дмитрий Рейхерд мәрені жетінші болып кесті.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы