Нұр-Сұлтанда Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр

Нұр-Сұлтанда Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр
Елдегі карантин талаптарына сәйкес халықаралық турнир жанкүйерлерсіз өтіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

2001-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында өтіп жатқан байрақты бәсекеде балуандар 55 келі салмақтан 130-ға дейінгі  салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Тоғызыншы мамырға дейін жалғасатын сайыста Қазақстан, Ресей, Грузия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 250-ден аса спортшы күш сынасады.

«Әлемде болып жатқан дертке қарамастан, сайысты жоғары дәрежеде ұйымдастырған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне өз атымнан, палуандар атынан алғысымды білдіргім келеді. Мұндай байрақты бәсекелер біздің жастарымыз үшін керек. Өйткені мұндай жарыстардан палуандарымыз тәрбие алып, тәжірибе жинақтайды. Оларға Жақсылық ағамыздың жолын беріп, жетістігіне жете берсін деген тілегім бар», –  деді  Біріккен күрес әлемі бюросының мүшесі, Азия кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов.

Жалпы олимпиада ойындарының бағдарламасына күрестің үш түрі кіреді. Олар: қыздар күресі, еркін күрес және грек-рим күресі. Елдегі карантин талаптарына сәйкес халықаралық турнир жанкүйерлерсіз өтіп жатыр. Кеше 97 келі дәрежесінде қазақстандық палуан Дәурен Тойшыбаев грузиялық спортшыны жеңген болатын.

«Біз бұл жарысқа Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасымен бірге Щучинск қаласында 21 күн дайындалдық. Жарыстың бірінші күнінде күресіп, грузиялық балуанды жеңдім. Енді Өзбекстаннан келген палуанмен белдесемін», –  деді  жарысқа қатысушы Дәурен Тойшыбаев.


Новости партнеров