Денис Тен жайлы кітап шыққалы жатыр

24.06.2019 23:19

Әйгілі Виктор Цой ескерткішінің авторы Матвей Макушкин Денис Тен мүсінін 5 ай жасапты

Almaty.tv

Қазір әйгілі мәнерлеп сырғанаушының өмірі мен спорттық мансабы туралы естеліктер жинақталып жатыр. Бұл туралы спортшының құрметіне арналған ескерткіштің ашылу рәсімінде белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мүсін Алматы қаласындағы Денис Тен қайтыс болған Байсейітова мен Құрманғазы көшелерінің қиылысында бой көтерді. Ескерткіште спортшының 2014 жылы Сочидегі олимпиадада өнер көрсеткен сәті бейнеленген. Сол дүбірлі додадан Денис Тен қола жүлдемен оралған еді.

«Халық үшін, Қазақстан үшін еңбек етті. Біздің көк туымызды желбіретті. Біз қалай оны ұмытамыз? Денис – мәңгілік біздің жүрегімізде. Жастарымыз үнемі бұл ескерткішке келіп, құрмет көрсетеді деп ойлаймын», – деді ҚР Халық әртісі Роза РЫМБАЕВА.

«Денистің дәл осы жерде қаза тапқанын мен қазір ғана білдім. Осының барлығын өз көзіммен көрген соң, денем түршігіп, көзіме жас келіп тұр. Біз өте жақын араластық, әртүрлі тақырыпта әңгімелесетінбіз. Ол өте ерекше жан еді. Денис қайтыс болған кезде мен Румынияда жүрдім. Әттең, сол күні, сол сәтте қасында болғанымда ғой», – деп өкініш білдірді Илья ИЛЬИН.

Мемориал Санкт-Петербург мүсіншісі Матвей Макушкиннің қолынан шыққан. Ол бұған дейін Алматыда Виктор Цойдың ескерткішін жасаған болатын. Автор 2,5 метрлік қола мүсінді дайындауға 5 ай уақытын жұмсапты. Жұмыс барысында мүсінші спортшының сұхбаттары мен мұзда көрсеткен өнерінің видеоларын мұқият қарап, барынша зерттеген екен. Әр бөлшегі, әрбір сызығына дейін Денистің анасымен ақылдасып жасаған.

«Мен Денистің өнер көрсетіп болып, халыққа қарай қолын көтерген сәтін бейнеледім. Онда эмоционалдық қозғалыс бар. Мүсін дөңгелек тасты ақ гранитке орнатылды. Оның өзінде символдық мән бар. Денис елдің есінде үнемі жеңіс тұғырынан түспеген жеңімпаз ретінде қалуы керек. Ескерткішті жасау оңайға соқпады. Дегенмен, Денистің анасымен үнемі байланыста болдым. Туынды тікелей сол кісінің кеңесі мен қадағалауының арқасында жарық көрді», – деді мүсінші Матвей МАКУШКИН.

Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Денис Тен қысқа ғана ғұмырында бірталай жетістіктерге жетті. Мәнерлеп сырғанаудан бөлек ән мен өлең жазды, кино түсіруге талпынды. Талантымен талайды тәнті етті. Спортшының арқасында әлем халқы Қазақстан туралы біле бастады. Жас та болса шәкірт тәрбиелеп, шеберлік сабақтарын өткізді. Бар білгенін үйретіп, жас спортшылардың жігерін жаныды.

«Қыршын кетті. Денистің қапыда келген ажалына қатты қайғырдық. Бүгін оған арнап ескерткіш ашқаны өте дұрыс болды», – деді жиналған жұрттың бірі.  

«Мен өзім ауырып тұрсам да келдім. Себебі мұндай дарындар ғасырда бір туады», – деді келесі бір тұрғын.

Жалпы, жұртшылық осындай талант иесіне қол жұмсауға қандай қаныпезердің дәті барғанын айтып, оны не үшін өлтіргенін түсінбейтіндерін білдірді.

«Оның мұз айдындағы теңдессіз өнерінен бөлек, барлық бейнежазбалары, көрмелері мен әндері, жалпы барлық жобалары – шын мәнінде біздің әрқайсымызды биік шыңға ұмтылуға жетелейтін ұлы істер» – деді жиналған жұрт.

Спортшының есімі қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз. Оған Денис Тен қайтыс болған жерге гүлдерін ұстап, күндіз-түні ағылып жатқан жұрт дәлел бола алады. Жанарлары жасқа толған Денис Теннің жанкүйерлері бұл жерді көздің қарашығындай қорғайды. Қазірдің өзінде олар маңайды тазалап, гүл шоқтарымен көмкеріп жүр.

«Денистің анасы Оксана Алексеевнамен бірлесіп Денис туралы кітапты дайындап жатырмыз, ол көп ұзамай жарыққа шығады. Сонымен қатар, қазан айында Денис Тен атындағы халықаралық турнир өтетін болады. Оған әкімшілік тарапынан арнайы қаржы қарастырылған. Денистің жасаған жақсы істері мен жеткен жетістіктерін артында қалған халқы, әсіресе жас буын ешқашан ұмытпайды», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.  

Бұдан бөлек, мәнерлеп сырғанаушының өмірден өткеніне бір жыл толуына орай, 20 шілдеде «Алматы Арена» спорт кешенінде Денис Тенді еске алуға арналған мұз шоуы өтеді. Шоуға атақты мәнерлеп сырғанаушылар, жаттықтырушылар мен Денистің достары қатысады.

Естеріңізде болса, Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматы қаласындағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында автоұрылардың қолынан қаза тапқан болатын.

Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы