|
06.05.2019 | 17:05
2803

Алматыда еліміздегі ең ірі теннис орталығы салынады

Нысан Алатау ауданындағы «Алматы арена» спорт кешені жанынан бой көтермек

Алматыда еліміздегі ең ірі теннис орталығы салынады

Спорттық нысанның құрылыс жұмыстары осы жазда басталады. Сондай-ақ, Орталық стадионның жанынан халықаралық турнирлерге арналған тағы бір спорттық нысан бой көтереді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы ең үлкен теннис орталығы жазда Алатау ауданындағы «Алматы арена» спорт кешенінің жанынан салынбақ.

«Жоспар бойынша, теннис орталығының сыртында 10 корт, ал, ішінде 4 корт болады.  Нысанның жалпы аумағы бір және алты гектар», – дейді Теннис федерациясының Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Андрей КВАСОВ.

Жыл санап Алматыда теннис спорты кең танылып келеді. Қазір қалада 10-нан астам үлкен клуб бар екен. Спортшыларымыз да бұл спорт түрінің даңқын асқақтатып жүр. Атап айтсақ, биылдың өзінде Дмитрий Попко, Тимур Хабибулин және Александр Бублик секілді теннисшілеріміз халықаралық турнирлерде топ жарды. Ал, күні кеше Жапонияда әйелдер арасында өткен ITF турнирінде Зарина Диас жеңімпаз атанды.

«Өткен жылы Әуезов ауданында Елбасының қатысуымен теннис орталығы ашылған болатын. Бүгінде бұл орталықтың жүктемесі 100 пайызға жетті. Яғни, жаңа нысандар салуға себеп бар», – дейді Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Рүстем БАЙСЕЙІТОВ.

Осы тұста Орталық стадионның директоры қосалқы алаңның сызбасын көрсетті. Жоспар бойынша жаңа теннис орталығы алдағы қыс мезгілінде ашылып, 800 адамға дейін қабылдай алады.

«Бізге берілген аймақ шағын болғандықтан, жобалаушылар қосалқы алаңды Есентай жақтан орталық стадионға қарай орналастырды. Жасанды шөп төселген алаңдар сүріледі, себебі, мұндағы жүгіру жолдары жаңа алаңда болады. Жүгіру жолдарынан бөлек мұнда ядро, диск, найзағай лақтыру және басқа да жеңіл атлетика спортының түрлері болады. Бұл жерде халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғайтын кәсіби клубтар мен кәсіби спортшылар жаттығады», – дейді Алматы қаласы «Орталық стадион» нысанының басқарушысы Айдар БАЙЖҰМАНОВ.

Сондай-ақ, ол қоқыс алаңына көбірек ұқсап тұрған аймақтың жақында өзгеріп шыға келетінін айтты. Нысан UEFA-ның стадиондар рейтингі бойынша үшінші санатқа сәйкес келеді. Яғни, халықаралық жарыстар өткізуге болады.

Айтпақшы, Сәтпаев көшесіндегі көпшілікке танымал ойын алаңы да өзгеріске ұшырайды. Оның орнына балаларға арналған «Қайрат» футбол академиясы салынбақ. Ал Орталық мәдениет және демалыс саябағы аумағындағы велотректі жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды.

«Қазір қалада бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Спорттық Алматы» жобасы жүзеге асуда. Осы жоба аясында жүзу, гольф және тау шаңғысын үйрету жоспарланған», – деді Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Рүстем БАЙСЕЙІТОВ.

Бүгінде алматылық бүлдіршіндер спорттың 69 түрін меңгеріп жатыр. Көп ұзамай олар барлық секцияларға онлайн түрде жазыла алады.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Нұржан Оразбеков, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир