СҚО-да балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өңірдегі жалғыз жабық футбол манежі тозып біткен. Амалы құрыған ата-аналар балаларын үйірмеге қатыстыру үшін осы жерге әкелуге мәжбүр. Олар жабық футбол алаңының талапқа сай келмейтінін, соның кесірінен жас спортшылардың жарақат алатынын айтып шағымданды.
Мына жабық футбол манежі 4 жыл бұрын қолданысқа берілген. Содан бері мұнда 1-ақ рет жөндеу жүргізілген. Тозығы шыққан алаңда доп теуіп жүріп балалар шұрық тесік төсеніштерге шалынып, құлап та жатады екен. Облыста спорт саласының дамығанын қалаймыз деген ата-аналар осы мәселені реттеп берсе дейді.
«Баламды футболға бергелі бір ай болды. Жаздыгүні даладағы алаңда жаттығатын. Күн суытқаннан кейін, осында көшті. Мына жабық манежде дұрыс жаттығу мүмкін емес. Өзіміз спорт дамысын дейміз, бірақ мынадай жағдайы жасалмаған мекемеде қалай спортпен шұғылдануға болады? Бұлардан болашақта қандай спортшылар шығады», – деді ата-ана Ольга Малышева.
Ал Анна Бакирова ұлының бұл жерде 1 жыл көлемінде жаттығып жүргенін айтады. Осы уақыт аралығында бұл мәселе бір емес, бірнеше рет көтерілген екен. Алайда әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Балама футболмен айналысқан ұнайды, сондықтан да басқа үйірмеге ауыстырғым келмейді дейді ол.
«Былтыр алаңның жағдайы тәуірлеу болған. Қазіргі кейпі енді сұмдық. Менің ұлым бір емес, бірнеше рет құлаған. Тіпті жарақаттанып, жаттығуға келе алмай қалған кездеріміз де болды. Үйге келгенде аяғым ауырып тұр, қолым ауырып тұр деп жиі шағымданады», – деді ата-ана Анна Бакирова.
Бүлдіршіндердің өздері де алаңның талапқа сай келмейтінін жақсы түсінеді. Кішкентай спортшылар орнынан қозғалып, жыртылып кеткен төсеніш ойнауға кедергі келтіретінін айтады.
«Құлайды, себебі мұнда мынау резинка шығады да, осында кәттітелініп кетеді. Бізде мынандай аяқ-киім бар. Ол ұстап тұрады. Мында барлығы жыртық, мен білмеймін неге», – деді Мағжан Амантай.
Жабық манеж соңғы рет 2 жыл бұрын жөндеу көрген. Қазір мұнда 800 бала жаттығады. Әкімдік өкілдері алаңның тозуы да келушілердің көптігінен дейді. Ал жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 28 млн теңге қажет екен.
«Биыл құжаттаманы дайындау және құжаттарды облыстық бюджет комиссиясына жолдау жоспарланған. Бюджет бөлу үшін өтінім жіберілді. Қазір қаралып жатыр, қаржыландыруды күтеміз», – деді СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы Виктор Бестик.
Қаладағы балаларға арналған жалғыз жабық манежді жөндеу мәселесі қазан айында өтетін мәслихат сессиясында қаралатын болады. Қаражат бөлінген жағдайда, футбол алаңы жыл соңына дейін қалпына келтіріледі.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан