Конкурдан Қазақстан құрамасы Еуразия лигасының әлем кубогі кезеңінде қола жүлдегер атанды

30.05.2022 22:28

Оған 9 елден 50-ден астам спортшы қатысып жатыр

Almaty.tv

Конкурдан Қазақстан құрамасы Еуразия лигасының әлем кубогі кезеңінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Спортшыларымыз топтық сайыста нәтижелі өнер көрсетіп, үздік үштіктен көрінді. Халықаралық жарыс 29 мамырға дейін жалғасады. Оған 9 елден 50-ден астам спортшы қатысып жатыр.

Жарыстың 2-күнінде әр құрамадан 4 спортшыдан ортаға шығып, топтық сайыста бақ сынады. Қазақстан сапынан Аян Ғани, Шыңғыс Маликаждар және Нурила Лесбекова мен Ясмин Ибрагимова өнер көрсетті. Отандастарымыз биіктігі 145 сантиметр болатын кедергілерден атпен секіріп, көрермен көңілінен шыға білді. Жарыс қорытындысы бойынша Өзбекстан құрамасы топ жарса, Қырғызстан екінші, Қазақстан 3-орынды иеленді.  

«Қазақстанда, өз елімізде жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Қарсыластарымыз өте мықты. Еуропадан әкелінген қымбат тұлпар мінгені», – деді Конкурдан ұлттық құрама мүшесі  Аян Ғани.

Мұндай жарыстарда үздік нәтиже көрсету тікелей аттардың мықтылығына байланысты. Ұлттық құрамадағы спортшылардың барлығы жас болғандықтан әзірге ондай жылқыларды әкелу мүмкін болмай тұр дейді жаттықтырушылар. Сондықтан конкуршылар үшін 2024 жылы Парижде өтетін олимпиада ойындарына қатысу әзірге арман.

«Біз барлық жарыста құмда секіретінбіз. Биыл қала ішіне құм төсеуге болмады. Еуропадағыдай жасыл шөпте секірдік. Федерациямен сондай шешімге келдік. Негізі жақсы болды. Алғашқы күні жаңбыр жауды. Тайғанақтақ,  бүгінгі нәтиже сәл төмендеу болды», – деді Ат спортынан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсет Толқыбеков.

Спортшылардың ендігі мақсаты - жаттығу жиындарына қатысып, алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау.

Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы