Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында волейболдан чемпионат өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш спорттық бәсекеге Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз және Талдықорған қалаларынан келген 9 команда қатысып өзара бақ сынады. Әр команда құрамында 6 әскери қызметшіден болды.
Жарыстың шымылдырығын түрген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары полковник Константин Қуатов өз сөзінде, волейболдан өздерінің шеберліктерін көрсету үшін әр қаладан келген командаларды құттықтап, жеңіс тұғырынан көрінулерін тіледі. Сонымен қатар жеке құрамның спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік жасалып жатқанын, физикалық дене күштерін шынықтыру шеберлігін шыңдаудың маңызын атап өтті.
"Командалар жақсы дайындықтарын көрсетті. Ойын өте қызу тартысты өтті. Әр команда ұйымшылдықпен әдемі ойын өрнегін көрсетіп, қарсылас командалар волейбол сеткасына ұпай салумен болды. Шаршы алаңдағы тартысты ойын 6506 әскери бөлімі мен 5513 әскери бөлімдерінен келген командалар арасында өрбіді. Алғашқы минуттарда Шымкент қаласының командасы шабуылдарын үдетіп жойқын соққылар жасап, есепті еселеп алды. Ұпай санымен артта қалғанын сезген Тараздық спортшылар да қарап қалмады, ойын тізгінін өз иеліктеріне алған олар қарсылас команданың қателіктерін ұтымды пайдаланып ұпай санын теңестіре білді. Ойын аяқталуына бірер минуттар қалғанда қос команданың ойыншылары байрақты бәсекеде барларын салды. Нәтижесінде ширақ қимыл танытқан Тараздықтардың бағы жанып, мерейі үстем болды", – деді полковник Константин Қуатов.
Сонымен қатар, өңірлік біріншілікке қатысушы спортшылар бар шеберліктерін көрсетіп, өз командасы үшін аянып қалмаған. Тартысты өткен жарыстың нәтижесі бойынша алдына жан салмаған Тараз қаласынан келген 5513 әскери бөлімінің командасы чемпион атанды. Жүлделі екінші орынды Шымкент қаласының 6506 әскери бөлімі иеленген. Ал үшінші орынды Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің командасы місе тұтқанын айтты.
"Жарыс болған соң жеңіс те, жеңіліс те болуы шарт. Қуанарлығы сол, ойын әділ өтті, турнирге қатысқан командалар тарапынан әттеген-ай дегізерліктей жағдайлар орын алған жоқ. Спорт – саулықтың кепілі. Сіздердің салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосуларыңыз – кейінгі жастарға үлгі-өнеге", – деді 3 күнге созылған жарыстың жеңімпаздарын марапаттау салтанатында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапке Әміреев.
Оның айтуынша, жеңімпаздар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының атынан кубок, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар ойын барысында белсенділігімен көзге түскен Ермек Сұрабалдинов «Үздік байланыстырушы», Игор Лопатин «Үздік ойыншы», Жанабек Мақшатов «Үздік шабуылшы», Ерназар Лесбеков «Үздік қорғаушы» номинацияларына ие болды.