Алматы облысында аламан бәйге өтті

11.09.2023 23:03

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бәйгенің жалпы қоры – 25 млн теңге

Almaty.tv

Албаннан тараған Аламан бидің туғанына биыл 400 жыл толды. Ғалымдар ел ішінде кең тараған «аламан бәйге», «аламан той» сынды тіркестердің би атымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оған ғылыми негіз де бар екен. Ел азаматының есімін дәріптеу үшін ас беріліп, республикалық деңгейде бәйге ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Делебені қоздырып, дода алдында қыз қууын өткізген жұрт бәйгенің басын құнан жарыстан бастады. Төртінші айналымда құнанның да, құнан мінген ұланның да бабын байқаған атбегілер оза шапқан әуелгі бестіктің кім болатынын асыға күтті. Өйткені, жүлде қоры аз емес. Ал бас бәйгеге ақшалай сыйлықтан өзге екі көлік тігілген.

– Бірінші көлік республикалық, ал екіншісі Кеген, Нарынқол өңіріне өтіп жатқан бәйгеге тігілді. Биыл 55 құнан қатысқан бәйге өте жоғары деңгейде өтті, – деді «Аламан-қарекет» қайырымдылық қорының төрағасы Жантелі Мұқи.

Бәйге – аттың ғана емес, атбегінің де сынағы. Жарысқа қатысып, жүлде алуға ниеттілердің қарасы көп.

– «Базарға барып, бағыңды сына» деген. Бәйгеге бап та, бақ та керек. Биыл құла құнанды қостым, – деді атбегі, Райымбек ауданының құрметті азаматы Қонысбай Рамазанов

Ала қыстай ат баптағандардың ішінен Қырғызстаннан келген «қарагер» оза шапты. Аймақтық аламанда «ақбақайын» топқа қосқан Самат Ербосынұлы жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Қос көліктен басқа, ақшалай сый алғандар аз емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бәйгенің жалпы қоры – 25 млн теңге. Көпшілік «бұл – бұрын болмаған, өңірдегі бәсі биік бәсеке» дейді.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасын жеңісімен құттықтады