Еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Темірхан Досмұхамедов 70 жасқа толды. Мерейтой иесінің құрметіне орай Алматыда жастар арасында самбодан арнайы турнир және 19-бен 20 жас аралығындағы спортшылар арасында Қазақстан біріншілігі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Спорт саласында елеулі еңбегі сіңген мерейтой иесін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек құттықтап, иығына шапан жапты.
Еске сала кетсек, Темірхан Мыңайдарұлы тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет, 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадаға ұлттық құраманы дайындаған. Ол кезде атлеттер 11 медальді қанжығаға байлапты. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада Ұлттық комитетті басқарды. Оның тұсында Қазақстан 205 ел ішінде 13 медаль иеленіп, 12-ші орынға тұрақтады.
Ал Түркістан облысынан пойызбен келген ауыр салмақтағы самбошы үйіне жеңіл көлік мініп қайтты. Мерейтой иесінің шәкірттері тіккен автокөліктің кілті 20 жастағы Бейбарыс Әбдіғаниға бұйырды. Абсолютті ауыр салмақ арасында мықты атану үшін 17 облыстан 17 спортшы бақ сынасты. Сондай-ақ, 19 бен 20 жас аралығында самбошылар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Еліміздің барлық өңірінен келген 450-дей спортшы 10 түрлі салмақ бойынша бақ сынады. Үздік атанғандар ел намысын Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін әлем біріншілігінде қорғайтын болады.
«Қарсыластарымның бәрі осал емес. Бәрі дайындалып келді. Бірақ біз де дайындалып, Аллаға шүкір осы жеңіске жетіп, шынымен қуанып тұрмын. 2017 жылы Әлем чемпионы болдым. 2018 жылы финалист болдым. Әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атандым. Самбо күресінен Азия чемпионы болдым. Енді осы жеңісіме қол жеткізіп тұрмын», – дейді жеңімпаз Бейбарыс ӘБДІҒАНИ.
«Осы Қазақстан біріншілігін Темірхан ағамыздың 70 жылдығына арнайы атап өтіп жатырмыз. Биыл өздеріңіз білесіздер, Елбасымыз биыл «Жастар жылы» болады деп атап өтті. Соған байланысты жастар арасында самбо күресінің мәртебесін көтеру үшін де осы мерейтойдың алар орны ерекше екенін атап өткім келеді. Оның үстіне, Темірхан ағамыз Кеңес үкіметі кезінде көптеген әлем чемпиондарын, дайындаған болатын», – деп атап өтті Алматы қаласы бойынша самбо қауымдастығының президенті Бахтияр ҚҰНАҚЫНОВ.