Қазақ спорты қара жамылды: Жақсылық Әмірәліұлының қазасы мұқым елдің қабырғасын қайыстырды

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Татамиге ол тек чемпион болуы үшін ғана шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ спорты қара жамылды. Аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Еңбек ері, Грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров 70 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ұлт мақтанышының елі үшін еткен еңбегі орасан. Әрдайым жас спортшыларға қолдау көрсетіп жүретін Жақсылық Әмірәліұлының қазасы мұқым елдің қабырғасын қайыстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Иә, әр сұхбатында ол жастар жайлы сөз қозғайтын. Ол қайтсем де ұлтыма адал қызмет етемін дегенді ұстанды. Қолынан келгенше әрдайым көмек көрсетуге дайын тұратын. Арда азамат 70-ке қараған шағында бақилық болды. Оның бір ғана Олимпиада шыңын бағындыруы үлкен ерлік. Себебі 29 жасында 48 келі салмақпен өнер көрсетті. Бұл – бір. Екіншіден, төртжылдықтың басты бәсекесіне 10 жыл дайындалды. Екі мәрте аяғынан шалып жібермеді. Бірақ ол сынбады. Қайта тұрып, алға ұмтылды. 80 жылы Мәскеу төріндегі Олимпиадаға жолдама алып, қазақтың қайсар мінезін көрсетті. Кейінен белгілі болғандай Жақсылық Үшкемпіров оған дейін аяғын жарақаттап алған екен.  

«Жақсылықтың керемет қайраткерлігіне мен таңқалдым. Біз спортшылар киінетін бөлмеге кірсек, бір аяғының тобығы ісіп кеткен екен. Бұл тренеріне де айтпапты. Не деген мінез. Айтпаған себебі, егер ол менің аяғым ауырып тұр десе, сенің денсаулығың маңызды деп алып тастай салады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов.

Тобығы тайған Жақсылық балуан ақтық сында Румын спортшысын айқын басымдықпен жеңді. Мақсат орындалды. Олимп шыңын бағындыру үшін төккен тер ақталды. Татамиге ол тек чемпион болуы үшін ғана шықты.      

Жақсылық Үшкемпіров:

«Мен ананы жеңгеннен кейін рух алып жатырмын ғой. «Жақсылық, бүкіл халық Серік Қонақбаев екеуіңе мыңдаған қаракөздер келеді, сендерге қарап жатыр. Сен қалай жеңесің бе, жеңбейсің бе?» деді. Мен айттым, әрине, менің жасым 30-ға келіп қалды. Бұдан кейін мұндай болмайды енді. Мен осы кілемде жеңемін, болмаса мен осы жерде өлемін дедім. «Жарайды, жарайды, сабыр, сабыр» деді».    

Асыл азаматтың қазақ спорты үшін де қосқан үлесі ұшан теңіз. Алматы облысы Мыңбаев ауылына өз қаражатына спорт кешенін салып берген. Жақында ғана ол жақтан бокстан Азия чемпионы шықты. Аталған ауылдың азаматтарын жұмыспен қамтып, тұрғын үй және газ мәселесін шешіп бергені бір төбе. Жан-жақтағы қазақ спортшылары ақылшы ағамыздан айырылдық деп қайғыруда.

«Орны толмайтын азамат. Күрестен Олимпиада чемпионын көрсем деген арманы еді. Менің бауырларым, ізбасарларым өзінің тілегін әрдайым айтып отыратын. Жиынға келіп қолдауын көрсетіп жүретін. Жарысқа бірге жанкүйер ретінде барып тұратын», – деді Грек-рим күресінен ұлттық құрама мүшесі Алмат Кебіспаев.

«Елімізде болып жатқан қайғылы хабарларды естіп, үстімізден тас түскендей. Қазақтың батыр, Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздан айырылып қалдық. Ағамыздың жатқан жері жайлы болсын. Ағамыздың отбасына Америкадағы барлық қазақстандықтың атынан қайғырып көңіл айтамыз», – деді кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев.

Қазақ мақтанышы Жақсылық Үшкемпіров 4 тамызда Алматыдағы үйінен шығарылады. «Кеңсай-2» зиратына жерленеді. «Алматы» арнасының ұжымы да орны толмас қазаға ортақтасып, отбасына қайғырып көңіл айтады.  

Новости партнеров