Ертең түнде Шавкат Рахмонов UFC-дегі кезекті жекпе-жегіне шығады. Жартылай орта салмақтағы қазақстандық файтер гайаналық спортшымен кездесіп, турнирдің басты кардында өнер көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Отандасымыз жалпы карьерасында 14 рет октагонға шығып, бәрінде жеңіске жеткен. Оның 2-уі UFC турнирінде өткен. Шавкаттың негізгі мақсаты – жыл соңына дейін 3 жекпе-жек өткізіп, үздік ондық немесе 15 спортшының қатарына кіру.
«Қарсыласым керемет. Өте мықты. UFC-де кездейсоқ келген спортшылар болмайды. Ол да 2 жекпе-жекте ұтқан, мен де 2 жекпе-жекте ұтқанмын, міне, енді бір-бірімізбен кездесіп жатырмыз. Екеуіміз де мерзімінен бұрын ұтқанбыз. Енді кімнің мықты екені шайқаста белгілі болады», - дейді файтер Шавкат Рахмонов.
Ал Dar Pro Team клубының басшысы Нұрбек Қарабала қазақстандықтарды Шавкатты қолдауға шақырды. Ол отандасымыздың бұл жекпе-жекте жеңіске жетіп, болашақта аталмыш турнирді бағындыратынына сенімді.
«Алдағы жекпе-жек ерекше болғалы тұр. Неге десеңіздер, басты кардта және басты жекпе-жектерге жақын тұр. Бұл біз үшін үлкен мәртебе деп ойлаймын. Шавкаттың өзі де мықты деңгейде дамып келе жатыр. Сарапшылардың және өзіміздің ойымызша, Шавкат болашақ UFC чемпионы болуы керек», - деді «Naiza Fighting Championship» лигасының президенті Нұрбек Қарабала.