Елордалық клуб Алматыда ВТБ Бірыңғай лигасындағы үздік саналатын мәскеулік «ЦСКА»-ны қабылдады
«Астана» баскетбол клубының ойындары келесі маусымда тағы да Алматыда өтуі мүмкін. Бұл туралы «Туризм индустриясы мен спортты қолдау» қорының басшысы Асхат Сейсембек айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы ойындарды көруге келетіндер саны күн сайын артып келеді. Елордалық клуб Алматыда ВТБ Бірыңғай лигасындағы үздік саналатын мәскеулік «ЦСКА»-ны қабылдады. Елордалық клуб қанша тырысқанымен мәскеуліктерге қарсылық таныта алмады. Қорытынды есеп 48:96.
«Алматылықтарға баскетбол мерекесін сыйлау үшін ұйымдастырып едік. Жанкүйерлер қолдады. Алматы баскетболды жақсы көретін қала екен. Сондықтан келесі маусымдағы кейбір ойындарды осында өткізу жағын қарастырамыз», – деді «Туризм индустриясы мен спортты қолдау» қорының бас директоры Асхат Сейсембек.
Алматыда баскетболға қызығушылық жоғары. Өткенде Нижний Новгород командасының ойнын тамалашауға 1869 адам келсе, Зенитке 2097, бүгін 2557 жанкүйер жиналыпты.
«Балам баскетболға қатысады. Ойын ережесін көрсетейін деп ертіп келдім. Өте керемет. Астана матчтары Алматыда жиі өтіп тұрса, біз де келеміз», – деді жанкүйер Сұңқар Қарабалин.
Айта кетейік, «Астана» баскетбол клубы 13 сәуірде Пармаға қарсы ойнайды. Матч Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет кешенінде өтеді.
Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы