|
02.04.2024 | 19:54
431

Шымкенттік бапкерлерге стипендия неге төленбеген

Алты бапкер мен екі жүздей спортшы далада қалды

Шымкенттік бапкерлерге стипендия неге төленбеген Almaty.tv

Шымкентте спортшылар мен бапкерлер шу шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Спортшылар мен бапкерлер бұған дейін олимпиадалық емес спорт түрінен ел намысын қорғап келген. Спорттың 16 түрі бар мектепте үш бөлімді жауып тастаған. Алты бапкер мен екі жүздей спортшы далада қалды.

– Менің жұмыс істеп жатқаныма 12 жыл болған. Басқа спорттан жаттықтырушы бола алмаймын. Қанша адам жұмыссыз қалды. Ал спортшылар жаттығатын зал жоқ, – деді Жоғары спорт шеберлігі мектебінің бапкері Олимжан Абдукаримов.

Жоғары спорт шеберлігі мектебіндегі өзге бапкер мен спортшылар да мүндай жағдайға тап болуы мүмкін. Себебі басқарма бір жылға 10 миллион теңге бөлген. Бұл сома бір айға да жетпейді деген мамандар «балаларды жарысқа қалтамыздан ақша шығарып, апарамыз» деп отыр.

– «Басқа спорт түріне ауысыңдар» дейді. Бірақ оның ережесін үйренуге де уақыт керек қой. Таеквондомен айналысып жүргеніме 10 жыл болды. Әлем чемпионатынан екінші орын алдым. Стипендия береміз деген. Қанша уақыт өтті не степендия жоқ, не спорт шебері деген атақты бермеді, – деді спортшы Сұлтан Даутов.

Шымкенттегі спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы аталған мектептің басқа мекемеге қосылатынын жеткізді. Яғни ересектерді олимпиадалық емес спорт түрлерінен жаттықтыратын орталық орнына бұқаралық спортты дамыту кешені ашылмақ.

– Азия ойындарынан келгеннен кейін, олимпиадалық спорт түрлеріне көп көңіл бөлу керек деген нақты тапсырма берілді. Ұқсас спорт түрлерін біріктіріп, жауып тастау мақсат емес, олимпиадалық спорт түрлерімен айналысса деген ниетпен жасалып жатыр, – деді Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маратбек Мықтыбеков.

ММА, муай-тай, таэквондо мен каратэ сынды олимпиадалық емес спорт түрімен Шымкентте 2500 бала айналысса, оларды 161 бапкер жаттықтырады. Енді спортшылар мен ұстаздар өзге ұқсас спорт түріне ауысуға мәжбүр. Ал бұған дейінгі олимпиададан жүлдемен оралғандарға стипендияның неге төленбегенін басқарма өкілі ашып айта алмады. Ол тек аталған қаржының мүлдем берілмейтінін жеткізді.

Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Ақтаудағы турнирде 17 жастағы спортшы көз жұмды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир