Республикалық Tartyl Fest турнирінің гранд-финалы Астана қаласында өтеді

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Оған еліміздің барлық өңірінен 170 үздік спортшы қатысады деп жоспарланып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Республикалық Tartyl Fest турнирінің гранд-финалына санаулы күндер қалды. Тартысқа толы жарыс Астана қаласында алдағы демалыс күні өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оған еліміздің барлық өңірінен 170 үздік спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Жүлде қоры да қомақты. Айта кетейік, көпшілікті бұқаралық спортқа бағыттаған жобаны Президент жанынан құрылған DARA дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырған.

Tartyl Fest турнирінің финалисі Азамат Сапар спортты серік еткеніне 10 жылға жуықтаған. Қазір қайырымдылықпен айналысатын қорда жұмыс істейді. Ауыл-аймақта талай жастың салауатты өмір салтын ұстануына сеп болып жүр. Демеушілердің қолдауымен түрлі воркаут алаңдары және құрылғы орнатып, аз да болса көмек етеді. Ол алдағы жарыста оза шауып, қомақты қаржы иеленсе оны да осы ауыл балаларының игілігіне жұмсауды көздеп отыр.

“Шымкент қаласында 42 рет тартылдым. 41-ін есептеді. Tartyl Fest Қазақстан бойынша бұқаралық спортты көтеруге үлкен үлес қосты десек те болады. Себебі, қаншама адам осы жарысқа қатысамыз деп денелерін шынықтыруға бейімделіп жүр”, – дейді финалист Азамат Сапар.

Жарыстың талабы оңай әрі өте қарапайым. Белтемірге ең көп тартылған адам жеңіске жетеді. Десе де, төрешілер оны қатаң бақыламақ. Қатысушының темірге тартылу кезінде кеуде тұсына дейін толық жетуі және білегінің дұрыс ашылып-жабылуы да тексеріледі. Нұржігіт Қасымбек те сол сында еліміздегі үздік спортшылармен сайысқа түсетін қатысушының бірі. Жарыс күні жақындаған сайын ол да дайындықты үдете түскен.

“Tartyl Fest Қазасқтанда бірінші рет ұйымдастырылып жатыр. Астанада болатын финалдан бірінші орын алып, бұйырса Алланың қалауымен көк туымызды әлемде желбіретеміз деп ойлаймын”, – дейді финалист Нұржігіт Қасымбек.

Ал, Қонаев қаласы атынан бақ сынайтын Андрей Водяников болса ересектер арасында жарысқа түспек. Жасы 40-тан асса да, белтемірді бағындыру жағынан өзінен әлдеқайда жас спортшыларды жолда қалдырады.

“Темірге дұрыс әрі көп тартыла білу де өз алдына үлкен спорт. Онымен айналысу көп уақытты және қомақты ақшаны да қажет етпейді. Қазір әрбір тұрғын үй аулаларында воркаут алаңдары мен турниктер көптеп орнатылып жатыр. Тегін. Сыртқа шығып қалағаныңызша пайдаланыңыз. Бастысы ниет керек”, – дейді финалист Андрей Водяников.  

Тартысты жарысқа іріктеу кезеңі өткен жылдың жаз айында еліміздің түрлі өңірінде өткен еді. Сол кезде қызғушылық танытып қатысқандар саны 7 мыңнан асқан. Олардың арасынан үздік шыққан 170 спортшы жас ерекшеліктері мен салмағына қарай финалда өзара бақ сынайды. Жүлде қоры – 54 млн теңге. Жарыс 18 ақпан күні Астана қаласында өтеді. Көрермен оны түрлі әлеуметтік желілерден тікелей эфирде тамашалай алады.

Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген Алматы телеарнасы

Новости партнеров