Аты бар, бірақ заты жоқ. Бүгін жоспарлы отырыс өткізген алматылық мәслихат депутаттары қаладағы спорттың жай-күйін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Саланың кемшіл тұстарын сынға алған халық қалаулылары шаһарда спорт мектептері мен федерациялардың, клубтардың аз екенін айтып, нысандардың инфрақұрылымы көңіл көншітпейтінін жеткізді.
Биыл қолданысқа берілуі қажет болған 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде кешілік анықталған. Тексеріс жүргізген арнайы комиссия бұл нысандардың стандартқа сай еместігін және жергілікті халық тарапынан шағым көп екенін алға тартты.
– Хауыздың тереңдігі 1,5 метр ғана, мұндай тереңдікте спорт мектебінің балалары қалай шынығады? Кешеннің сапасы сын көтермейді. Сондықтан, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін тұрғызу кезінде заң нормаларын сақтауды талап етіп, федерациялардың сұрауын ескеру қажет. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін өзге де спорт ғимараттарын салуды қолға алған дұрыс, – деді қалалық мәслихат депутаты Игорь Проценко.
Сондай-ақ мәслихат депутаттары спорт түрлері мен федерациялар біркелкі қаржыландырылмайтынын алға тартты. Бұдан бөлек, спортшыларды сапалы киіммен қамту мәселесін де көтерді. Ал атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берген жауапты басқарма басшысы қалада 3 мың 700-ге жуық спорт нысаны бар екенін айтты. Алайда халық санының көбеюіне байланысты сұранысты уақытылы қанағаттандыру қиынға соғатын көрінеді.
Спорт басқармасы нысандардың құрылыс жұмысын бақылауды биыл ғана қолға алған. Тыңдалым соңында жүзеге асырылып жатқан шаруалардың сапалы орындалуын қадағалайтын арнайы комиссия құрылады деп шешілді. Оның құрамына тәуелсіз сарапшылар, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері мен федерация өкілдері енбек.
– Спорт басқармасы кешендерді салу жұмысына араласып, құрылыс басқармасына тапсырма бере алмайтын еді. Бірақ биылдан бастап шаруаға етене араласамыз. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын қалада 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруі қажет, – деді Спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллин.
Оқи отырыңыз: Қаладағы әрбір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бассейн болуы керек