«Алматы» хоккей клубы чемпиондыққа бір табан жақын. Олар дәл қазір Қазақстанның ашық біріншілігі аясында атыраулық «Бейбарысты» қабылдап жатыр. Алматылық ұжым үшін бүгінгі кездесу өте маңызды себебі төрт дүркін ел чемпионы «Бейбарысты» жеңсе, турнирлік кестеде көш бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы мен Бейбарыс хоккей клубтары арасындағы кездесудің алғашқы кезеңі аяқталды. Қос команда қазір үзілісте. Әзірге Алматылықтар алда келеді. Қазақстанның төрт дүркін чемпионымен өтіп жатқан ойынға Алматы хоккей клубын қолдауға келгендердің қарасы көп. Олар өз клубтарының бүгін жеңіске жететініне сенімді.
«Команданың барлығы бүгінгі ойынға тыңғылықты дайындалды. Бейбарысқа қонаққа барғанда 1-матчты жеңіп, 1-ойында есе жібердік. Қазақстан ашық чемпионаты турнир кестесінде біз екінші орын алып отырмыз. Сондықтан бүгінгі ойын команда үшін өте маңызды. Биыл чемпион болуға үміттіміз. Бұған тек спортшылар ғана емес, жанкүйерлер де тілекші болып отыр», - деді Алматы хоккей клубының директоры Марат ҚАШҚЫМБАЕВ.
Әзірге Алматылық ұжым Қазақстан біріншілігінің турнирлік кестесінде 50 ұпаймен екінші орында келеді. Ал, көш басында қоржынында 56 ұпайы бар «Арлан» клубы келе жатса, үздік үштікті 40 ұпаймен «Бейбарыс» түйіндеп тұр. Алматы мен атыраулық хоккейшілер ойын ережесіне сәйкес ертең тағы бір мәрте айдынға шығып, кім мықтыны анықтайды. Хоккейден Қазақстан біріншілігінің алғашқы кезеңі желтоқсанның соңында аяқталады.