Алматыда киберспортшыларға арналған «Ар-намыс» атты клуб ашылды

31.12.2021 01:14

Белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайберген ұйымдастырған шараға жергілікті әкімдік өкілдері мен блогерлер қатысты

Almaty.tv

Алматыда киберспорт қарыштап дамып келеді. Мамандар Pubg Mobile бағытын одан әрі жандандыру үшін бүгін «Ар-намыс» атты клубтың ашылуын өткізіп, ойыншыларымен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


Кәсіби киберспортшылармен толыққан құрамада виртуалды ойын әлемінде танымал Runin Олжас сынды аккаунт иелері бар. Белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайберген ұйымдастырған шараға жергілікті әкімдік өкілдері мен блогерлер қатысып, аталмыш ойынмен әуестенетіндерге сәттілік тіледі.

«Алға қойған үлкен мақсаттарымыз бар. Әсіресе халықаралық турнирлерде көзге түсіп, топ жару үшін барымызша дайындалатын боламыз. Командамыз ең үздік деген ойыншылармен жасақталған», – деді киберспортшы Ернар Мырзабай.

Одан бөлек, жергілікті әкімдік өкілдері де киберспортты дамыту үшін әрқашан қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.

«Пабджи, Дота секілді компьютерлік ойындар жастар арасында жақсы дамыған. Біз бұл бағытты толықтай зерттеп, креативті индустрия шеңбері аясында қолдау білдіруге дайынбыз. Себебі киберспорт қазіргі уақытта жылдам қарқында дамып жатыр», – деді Алматы қаласы әкімінің штаттағы креативті экономика жөніндегі кеңесшісі Ернар Құрмашев.