|
17.03.2023 | 20:14
615

Қазақстан барысы: Алматыда жауынгерлер арасында күрестен жарыс өтті

Жарыс салмағы 90 келіден асатын палуандар арасында өтті

Қазақстан барысы: Алматыда жауынгерлер арасында күрестен жарыс өтті Almaty.tv

Алматыда жауынгерлер «әскер барысы» титулына таласты. Бүгін финалға өткен 20 палуан қазақ күресінен кімнің кіл мықты екенін анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал жүлделі орынға іліккен екеуі шілде айында болатын «Қазақстан барысы» байқауында әскерилердің намысын қорғайды.

Бұл иығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай, шымыр жауынгерлер «әскер барысы» атануға ниетті. Дәл бүгін қазақ күресінен жеңіске жеткен қос әскери қызметші еліміздегі айтулы жарысқа жолдама алады. Осылайша, барша жауынгердің абыройын асқақтатпақ. Жеңіске жетуге әркімнің-ақ таласы бар. Бірақ қатысушылар мықтылар ғана оза шапсын деген тілек білдірді.

«Қазақ күресі – ата-бабамыздың мұраға қалған спорт түрі. Жеңіске жету үшін қолдан келгенін жасаймыз. Әскери қызметте болғандықтан, спортпен айналысқан өзімізге пайдалы», – деді ҚР Қарулы күштері әскери полиция бас басқармасының кіші сержанты Елдар Лебек.

«Турнирдің басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дамыту, әскери қызметшілердің арасындағы салауатты өмір салтын насихаттау.  Себебі дене шынықтыру және спорт жауынгерлік дайындық бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады. Әскери қызметші, кез келген жағдайда ұрыс түріне дайын болуы тиіс», – деді  ҚР Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің орталық спорт клубының бөлім бастығы Ербол Игісінов.

Дәстүрлі түрде өтетін жарысқа еліміздің  Қарулы Күштерінің және басқа да күштік құрылымдардың әскери қызметкерлері қатысуға болады. Ал өз кезегінде, олардың барлығы ішкі турнирлерде жеңіске жетіп, финалға өткен. Айта кетейік, «Қазақстан барысы» додасында бірнеше рет топ жарып, жүлдегер атанған жауынгерлер де бар. Олардың қатарында Ерасыл Қажыбаев, Әділ Оразбаев сынды әскери қызметшілердің есімін атауға болады, - деді ұйымдастырушылар.

Жарыс салмағы 90 келіден асатын палуандар арасында өтті. Қазақша күрес – қазақтың ұлттық жекпе-жегі ғана емес, ұлттық болмысымызды айқындайтын ерекше спорт түрі. Онда қарсыласын аяқтан ұстау, ауыртатын, тұншықтыратын әдіс-тәсілдер жоқ. Қайта күрестің бұл түрі спортшының денесін ширатып, бұлшық еттерін қатайтады.

Жадыра Омаржан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир