Алатау ауданында 180 адамға арналған жаңа веломектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жақында жаңа инфекциялық аурухана бой көтеріп, жаяу жүргіншілер аймағының құрылысы басталады. Жобалардың іске асу барысымен танысқан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев аудандардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Қала басшысы Нұркент ықшамауданындағы медициналық орталықтың құрылысын пысықтап қайтты. Елбасының тапсырмасымен бой көтеріп жатқан орталық инфекцияларға қарсы күресте медицина ғылымы мен тәжірибесін біріктіруге бағытталған. Аурухананың құрылысы 1,5 жылға жоспарланған. Онда науқастарға арналған 380 төсек-орын мен 30 орындық жансақтау бөлімі болады.
Сондай-ақ, ауданда орналасқан Алматы арена спорт кешенінің жанынан жаңа велосипед мектебі ашыды. Салтанатты іс-шараға шаһар басшысы да қатысып, болашақ спортшылармен тілдесті. 180 адамға арналған мектепте 12 және 16 жас аралығындағы балалар велосипед тебу сабақтарына қатыса алады. Сондай-ақ, спорт үйірмесінде ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға сабақтар қолжетімді болады.
«Орталық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің жаңа базасы ретінде ашалып отыр. Аудандағы осы спорт түрін әрі қарай дамытқымыз келеді. Себебі осы шет ауданда тұратын балалардан велоспортқа деген қабілетті байқадық», – деді қалалық велоспорт федерациясы директорының міндетін атқарушы Виталий Губенко.
Одан өзге, қала басшысы Ақбұлақ шағынауданындағы жүргіншілер аймағы салынатын жер теліміне де барды. Жоба жергілікті тұрғындардың өтінішімен қолға алынған еді. Енді, міне, биыл аудандық әкімдіктің бастамасымен Ахановтан Момышұлы көшесіне дейінгі 10 мың шаршы метр аймақ абаттандырылатын болды.
«Бізде Ақбұлақ шағынауданында жаяу жүргіншілер аймағының болмауына байланысты, тұрғындардың өте көп сұранысына байланысты Аханова көшесіндегі жасыл аймаққа аудан әкімдігі тарапынан 2021 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бюджет қаражаты бөлінген жағдайда жұмыстарды күз айларына дейін аяқтаймыз», – деді Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Мырзатай.
Жоспар бойынша онда 2 балалар алаңы, тротуар және заманауи үлгідегі 50-ге жуық орындық болады. Сондай-ақ, қоқыс салатын жәшіктер мен жарық бағандары орнатылмақ. Жалпы, қала әкімінің тапсырмасымен аймақта қысқы спорт түрлерімен айналысу үшін инфрақұрылым қатарын көбейтуге үлкен мән беріледі.
Сымбат Ноғай, Сағынтай Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы