2025 жылы Қазақстан спортшылары қандай жетістіктерге қол жеткізді

Ел спортшылары халықаралық жарыстарда 50-ден аса ірі жетістікке қол жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2025 жыл қазақстандық спорт үшін жеңіс жалауы желбіреген жыл болды. Себебі ел спортшылары халықаралық жарыстарда 50-ден аса ірі жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жылан жылы былғары қолғап шеберлерінің бағын ашқан, бабы мен бағы қатар шапқан кезең болды. Себебі Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар жеті бірдей алтын жүлдені еншілеп, ел мерейін үстем етті. Ал Дубай төріндегі дүбірлі додада отандастарымыз осалдық танытпай, алты бірдей медальмен елге оралды.

«Қазақстанның жалпы командалық есепте 7 алтынды еншілеп, бірінші орын алуы –  бұл тарихи оқиға. Бірінші әлем чемпионатында бірінші орынды алдық. Бұл – басты жетістігіміз. Оның артында үлкен еңбек жатыр. Боксшылар, бапкерлер, оның артында федерация тұр. Мысалы спортшылардың дайындығына қанша қаржы құйды. Қандай еңбектер жасалды. Спорттық ғылым, медицина бар. Небір мамандар қызмет етуде», – деді спорт журналисі Аслан Қаженов.

Биыл қазақстандық балуан Айдос Сұлтанғали да жанкүйердің қуанышын еселеді. Загреб төріндегі бозкілемде ол қарсыласын айқын басымдықпен тізе бүктіріп, 1999 жылдан бері грек-рим күресінен алғаш рет Қазақстан қоржынына әлем чемпионатының алтын жүлдесін салды.

Жылан жылы алматылық «Қайрат» футбол клубы Еуропаны таңдай қақтырды. Әлем футболының ең беделді турниріне жолдама алып, кәрі құрлықтың алпауыттары саналатын Спортинг, Интер сынды клубтармен күш сынасты. Ал Чемпиондар лигасын он бес мәрте жеңіп алған, әлем футболының короліне айналған Реал Мадридтің Алматыға келіп, «Қайратпен» матч өткізуі ел футболы үшін айрықша сәтке айналды.

«Бұл жыл біз үшін табысты болды. Өздеріңіз білетіндей, «Қайрат» командасы Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанды, бұл  – бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға. Команда үнемі дайындық үстінде. Сондай-ақ Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуіміз де ел үшін тағы бір маңызды жеңіс деп айтсақ болады. Еуропаның үздік 36 командасының қатарында өнер көрсету бұйырғанына қуаныштымыз!» – деді  «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин.

Биыл бас бармақпен бағалауға тұрарлық маңызды оқиғалардың бірі — атақты боксшы, Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің жетекшісі Геннадий Головкиннің World Boxing ұйымының президенті болып сайлануы. Осылайша ол халықаралық спорт ұйымын басқарған тұңғыш қазақстандық ретінде тарихта қалды.

«Геннадий Головкиннің World Boxing ұйымының президенті болғанына шын жүректен қуаныштымыз! Көптен күттік. Ол кісі осы қызметке лайық деп ойлаймын. Өйткені кәсіби карерьасында қандай белбеу болды, соның барлығын алды. Кезінде олимп шыңын да бағындырды деп айтуға да болады. Енді олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Әлем чемпионы деген сияқты. Жалпы тәуелсіз қазақ спортының, тәуелсіз Қазақстан тарихында Қазақстаннан шыққан спорт функционері ешқашан халықаралық федерацияны басқармаған», – деді спорт комментаторы Руслан Бақытжан.

Алда әлі алынар асулар аз емес. Келер жылқы жылы спортшылар үшін де тынымсыз шабысқа толы болмақ. Ең бастысы жылан жылындағыдай жеңіс пен жеміске бай кезеңге айналса екен деген үміт басым.

Мәди Мәлік, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Қазақстандық спортшылардың Олимпиада киімдерінің эскизі бекітілді

 

 

Новости партнеров