Олимпиада чемпионы Нижат Рахимовтың допинг сынамасы расталса, кезінде мемлекет берген ақшалай сыйақы кері қайтарылады. Бұл туралы еліміздің Ауыр атлетика федерациясы мен Мәдениет және Спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Статистикаға сүйенетін болсақ, осыған дейін олимпиада чемпионы болған 5 бірдей ауыр атлеттің допинг сынамасы оң нәтиже көрсетіп, алтын медальдарын қайтарып берген еді. Күні кеше тағы 6 спортшының тыйым салынған препарат қолданғаны белгілі болды. Олардың арасында Токио олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон да бар.
Олимпиада ойындарында көк байрағымызды желбіретіп, ауыр атлетикадан алтын медаль алған спортшыларымыздың басы допинг дауынан арылмады. Спорттық арбитраж соты бұл жолы Нижат Рахимовты тест сынамасын ауыстырды деп айыптап, спорттан 8 жылға шеттетті. 2016 жылдан 2021 жылға дейінгі жарыстардағы барлық нәтижесі жойылады. Ауыр атлет өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл шешімге наразылығын білдіріп, апелляцияға шағым түсіретінін жазған. Одан бөлек, кеше Федерация өкілдері құрама спортшыларын тестілеуден өткізіп, 6 спортшының допинг қолданғанын анықтады. Мамандар алдағы уақытта оқиғаға қатысты тағы ішкі тергеу болатынын айтты.
«2022 жылғы 9 ақпан мен 2 наурыз аралығында Қазақстан Ұлттық допингке қарсы күрес орталығы жарыстан тыс ауыр атлетикадан Ұлттық құрама мүшелерін тестілеуден өткізді. Бақылау қорытындысы бойынша Абылай Әуелханов пен Игорь Соннан, Юлия Потасова мен Руфина Чалкаровадан және Алексей Дроздов пен Матвей Макрушиннан допинг анықталды. Барлығы – Алматы облысының өкілдері», - деді ҚР Ауыр атлетика федерациясы ерлер құрамасының басшысы Роман Теміржанов.
Осылайша, Қазақстан тарихында аталмыш спорт түрінен алтын медаль алған бір ғана атлет қалды. Ол – Бейжіңде күміс еншілеген Алла Важенина. 2016 жылы оның салмағында топ жарған қытайлық спортшыдан допинг анықталып, Алланың күмісі алтынға айналған еді. Бұған дейін Илия Ильин мен Майя Манеза және Светлана Подобедова мен Зүлфия Чиншанло алтындарын қайтарған еді. Осы орайда спорт журналисі Руслан Бақытжан мұндай жағдай болмас үшін федерация өкілдері спортшылардың әр қадамын бақылап, ішкен тамағына дейін қадағалау қажет деп санайды.
«Ел алдында жүрген спортшылардың допинг қабылдағаны рас болса, өте ұят болған екен. Өткен жылы ғана Тоқио олимпиадасында Игорь Сон, оның алдында Нижат Рахимовтар кәдімгідей төрт жылда бір келетін спорт мерекесінде жүлде алып, халықты қуантып, артынша осындай жағдайға түсіп жатса, халықтың оларға деген құрметі азайып кетеді», - деді спорт журналисі Руслан Бақытжан.
Айта кетейік, 2019 жылы қабылданған заң бойынша Олимпиада мен Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері мемлекет берген үйді 10 жылға дейін жалға алып, артынан өз атына аудара алады. Яғни, осы уақыт аралығында спортшының допинг сынама нәтижесі сақталады. Егер тестте атлеттің таза екені анықталса, абырой да, сый да спортшының иелігінде қалады деген сөз.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!