Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Түркия Республикасы бас консулдығының өкілдері әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Пандемияға дейін басталған игі іс-шараны бауырлас елдің дін істері басқармасы мен басқарма жанындағы «Диянет» қоры ұйымдастырып отыр. Ал бүгін азық-түлікпен қамтамасыз етілгендердің қатарында Алматыдағы көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар бар.
«Осындай отбасыларға көмектесіп жатқан сіздерге Алланың нұры жауа берсін! Келе жатқан оразаларыңыз қабыл болсын! Баршаңызға жақсылық тілеймін», - деді көпбалалы әке Оразбек Жанқараев.
Айта кетейік, былтыр Түркия «Диянет» қорының «Құтты сыйым – Құран» жобасының аясында Қазақстандағы 1410 отбасыға азық-түлік таратылған еді. Бұл игі амал биылғы Рамазан айында да бірнеше іс-шара арқылы жалғасын таппақ.
«Бауырлас ел Қазақстанымызда достығымызды нығайту үшін әрі алда келе жатқан қасиетті айда игі іс жасау үшін бірнеше қалада мұқтаж жандарға азық-түлік таратып жатырмыз. Одан бөлек, 5 мың адамға арнайылап ауыз ашар ұйымдастыру да жоспарда бар. Мұндай шаралар көпшілікке көмектесіп қана қоймай, екі ел арасындағы достықты нығайтуға да себепші болмақ», - деді Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулдығының дін істері жөніндегі атташесі Емруллах Юзум.