Үшінші күн: көшпенділер ойындарында ел қоржына 40 медаль түсті

11.09.2024 02:40

Ертең 10 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынбақ

Almaty.tv

Даланы дүбірге бөлеген көшпенділер ойынының үшінші күні өз мәресіне жетті. Бүгін қазақстандық спортшылар ел қоржынын 40 медальға толықтырды. Оның 20-сы алтын, деп хабарлайды Almaty.tv.

Cайыстың үшінші күні доданың қызған кезеңі болды. Көкпарда біздің шабандоздар қарсыластарын шаң қаптырды. Ширек финалда Қазақстандық көкпаршылар ағылшын құрама командасын ойсырата жеңді. Дәстүрлі садақ атудан «Қалқан» нысанасы бойынша сайыс мәресіне жетті. Бұл жарыс түрінде қазақстандық сұр мергендер күміс пен қоланы місе тұтты.

– Негізі оңай болған жоқ. Бапкеріміз айтқандай, 35 мемлекеттен ең мықты мергендер жиналып, қатысып отыр. Олар – бұрыннан атысып жүрген садақшылар. Қысқа уақытта Қазақстан осындай деңгейге көтерілгені жетістік деп ойлаймы, – деді Дәстүрлі садақ атудан «Қалқан» нысанасы бойынша күміс жүлде иегері Ербол Тапенов.

Аударыспақ ойынының қатысушылары жарыс жолын аяқтады. Ал Ұлттық құрама спортшылары алты салмақ бойынша бес алтын, бір күмісті иеленді. Жамбы атудан да жігіттер жарап тұр. Қоржынға келген бүгінгі 1 алтын Айкөз Ералханның еншісінде. Жеңімпаздардың марапаттау рәсімі өтті.

Ал ертең 10 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынбақ.

Оқи отырыңыз: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: алматылық киіз үйлер туристерді тәнті етті