Алматыда журналистер арасында Мақсат Сіләмбек атындағы турнир өтті

Алматыда журналистер арасында Мақсат Сіләмбек атындағы турнир өтті
Бас жүлдені Талдықорғаннан келген Жетісу командасы алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің журналистері Алматыда футболдан кім мықтыны анықтады. Мақсат Сіләмбек атындағы тартысты турнирге бас-аяғы 8 команда келген. Барлығы да телевизия саласының серкелері. Таңғы 10-да басталған жарыс, күндізгі 4-ке дейін жалғасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бас жүлдені іргедегі Талдықорғаннан келген  Жетісу командасы алса, "Тараз пресс" ұжымы күміспен күптелді. Ал, Түркістандық Тұран тобы үздік үштікті түйіндеді. Сайысқа қатысушылар осындай шараны дәстүрлі түрде өткізіп тұрса дейді.

«Ала доп аламанын өткізіп жатқан Алматылықтарға алғыс айтамыз. Жақсының аты өлмейді. Енді біздің тілек, Мақсат ағамыздың еске алу турнирін жылдан жылға жалғастырып, дәстүрлі дэрби десек бола ма, дәстүрлі турнир болса екен деп тілек айтамыз ұйымдастырушыларға», - деді  «Тараз пресс» командасының қорғаушысы Данияр ӘЛІМҚҰЛ.

Мақсат Сіләмбек – талай жылдар бойы Алматы телеарнасында қызмет еткен журналист. Еңбек жолында бірнеше бағдарламаларды тізгіндеді. Футболдан арна намысын қорғап, көптеген жарыстарда командасы топ жарды. Өзі де, әр дүбірлі додада үздік қақпашы номинациясын алатын. Тілшілікпен қоса спортты да қатар алып жүрген арда азамат былтыр желтоқсанда өмірден озған еді. Бүгінгі жарыс дәл осы Мақсат Сіләмбекті еске алу турнирі еді. Бәсі биік бәсекеге туыстары да Семейден арнайы келіпті.

«Біз ризашылығымызды білдірейік деп келдік. Сіздердің осы шараны ұйымдастырып жатқандарыңызға рақмет. «Өлі разы болмай, тірі байымайды дейді». Осы турнир өтеді дегенде ауылдың қаншама халқы өздерінің жүрек лебіздерін, қолдарынан келген көмектерін аямай осы туринирге басты спонсор болып қосылып жатыр», - деді  М. Сіләмбектің ағасы Жүнісбек СІЛӘМБЕКҰЛЫ.

Новости партнеров