Mount Fest 2023: Алматыда халықаралық тау спорты фестивалі басталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматының Абай алаңында фестивальге келушілерді тіркеу басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда халықаралық Mount Fest 2023 тау спорты фестивалі басталды. Дәстүрлі іс-шара биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қатысушылар таулы жердегі қиындықты бағындырып, оның шыңына шығуы керек. Жеңіске жету үшін олардың күш-жігері мен төзімділігі және шыдамдылығы сыналады. Оған кез келген қала тұрғыны мен әуесқой спортшылардың қатысуына мүмкіндік бар. Жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Қатысу тегін. Бүгін Алматының Абай алаңында фестивальге келушілерді тіркеу басталды. Биыл мұнда екі мыңнан астам адам белсенділік танытады деген болжам бар.

– Фестиваль тау спортының 4 түрі бойынша өтеді. Атап айтсақ, туристік жорық, тау велосипедімен төмен түсу, таулы жерде жүгіру, «Молодежный» шыңына шығу. Дүниежүзілік туризм күніне орай, фестиваль 4 күнге жалғасады. Іс-шараны қалалық туризм басқармасы ұйымдастырып отыр, – деді Туризм басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Әбіхан.

Фестивальдің негізгі спорттық және мәдени іс-шаралары «Медеу» мен «Шымбұлақ» тау шаңғы шипажайында өтеді. Сонымен қатар келушілерге түрлі тақырыпта шеберлік сағатын да өткізу жоспарланған. Білікті мамандар тау туризмін дамытудың жаңа мүмкіндіктері, экологиялық саяхаттар және демалысты ұйымдастырудың креативті форматы секілді тақырыптарда дәріс оқиды. Сондай-ақ фестиваль аясында 6 мен 14 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға таулы саяхат ұйымдастырылмақ.

– Биыл фестивальге алғаш рет қатысып тұрмын. Мақсатым – жеңіске жетіп, биіктен көріну емес. Алдағы демалыс күндерімді пайдалы әрі тиімді өткізуді көздеп отырмын. Бұл спорт түрімен бір жылдан астам уақыт айналысып жүрмін. Аптасына 3-4 рет тауға шығып тұруға тырысамын, – деді фестивальге қатысушы Игорь Мкртчян.

Оқи отырыңыз: Қытайда өтіп жатқан Азиадада қоржынға қола медаль түсті

Новости партнеров