|
21.12.2021 | 21:00
1085

V қысқы спартакиада ойындарына 215 алматылық спортшы қатысады

Алматыда республикалық V қысқы спартакиада ойындарының ашылу рәсімі өтті

V қысқы спартакиада ойындарына 215 алматылық спортшы қатысады Almaty.tv

Алматыда республикалық V қысқы спартакиада ойындарының ашылу рәсімі өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен келген 1300-ге жуық қатысушы спорттың 14 түрінен бақ сынайды. Олардың арасында ұлттық құрама сапында өнер көрсететін әрі олимпиада ойындарына жолдама алып қойғандар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Бүгін 4 жылда бір өтетін қысқы спартакиада ойындары бастау алды. Салтанатты шараның ашылуы «Алматы Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылып, жоғары деңгейде аталып өтті. Еліміздің 16 облысы мен 3 қаласынан келген қатысушылар әдеттегідей мұз айдынды шерулетіп, көрерменге өздерін таныстырды.      

Спартакиаданың ашылу рәсіміне Мәдениет және Спорт министрлігі мен Ұлттық олимпиада комитетінен әрі жергілікті спорт басқармасының өкілдері қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан бөлек, ұйымдастырушылар БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізіп, алдағы жоспарларын бөлісті.

«Алматы – қысқы спорт түрлері үшін ең дамыған спорт аймағы.  Сондықтан спартакиада осы жерде өтіп жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі атынан қала әкімдігіне алғысымызды білдіріп жатырмыз. Жарыс өте үлкен үлкен деңгейде өткізіліп жатыр», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

«Алматының атынан Қысқы спартакиадаға 215 спортшы мен 38 жаттықтырушы қатысып жатыр. Спортшыларымыз осы жолы да жақсы өнер көрсетіп, тұғырдан көрінеді деп үміттенеміз», – деді Спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов.

Қысқы спартакиада Бейжің олимпиадасында өнер көрсететін спортшылар үшін соңғы дайындық алаңы болмақ. Ал байрақты додаға жолдама алып үлгермегендер қазіргі уақытта әлем кубоктеріне қатысып, бақ сынап жүр. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатқан республикалық жарыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құраманы жасақтау.

«Бүгінгі жарыстың ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Өзім көрдім. Бардым. Трибунада отырдым. Өте жақсы, маған ұнады. Алдағы жарыстарда өзімізге сәттілік тілейміз», – деді жарысқа қатысушы Мадияр Қорабаев.

Еске сала кетейік, алматылық спортшылар 2017 жылы өткен IV қысқы спартакиада ойындарында командалық есепте топ жарып, бірінші орын алған болатын.

Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир