Алматыда спорт үйірмелерін қаржыландыруға 3,2 млрд теңге бөлінді

 Almaty.tv
Almaty.tv
Мегаполис тұрғындары тарапынан жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына қызығушылық жоғары
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл спорттық секциялар мен үйірмелерді қаржыландыруға мемлекеттік бюджеттен 3,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, мегаполис тұрғындары тарапынан жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына қызығушылық жоғары, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

   

Artsport.edu.kz порталы – балаларын спорт секцияларына бергісі келетін ата-аналар үшін таптырмас мүмкіндік. Яғни, сайтта онлайн өтініш қалдыру арқылы ұлыңызды немесе қызыңызды өзіңіз қалаған үйірмеге тегін қатыстыруға болады. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бағдарламаның арқасында Алматыда 44 мыңнан астам бала спорттың 37 түрімен айналысады. Өткен жылы оған 1,2 миллиард теңге бөлінсе, биылғы жұмсалған қаржы одан 3 есеге көп.   

«Биыл осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Енді балалар спортпен және шығармашылықпен еркін айналыса алады. Бұл – ата-аналар үшін тамаша мүмкіндік. Олар балаларының үйірмелерге қатысқандығы үшін ақша төлемейді. Ақылы секциялардың өзі бір балаға айына 20 мың теңгеден астам қаржы сұрайды екен», - дейді қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов.

Жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына 4-тен 17 жасқа дейінгілер тегін қатыса алады. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың да спортпен айналысуларына жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Одан бөлек, Алматыда осы жылы бұқаралық спортты дамыту үшін шет аудандарда жаңадан жаттығу алаңдары салынуда.

«Өткен жылы қаламыздың шет жақтарында спорт кешендерінің салынуына қатысты нақты шешім шыққан болатын. Бүгінде Жетісу мен Түркісіб, Алатау аудандарына қарасты Кемел, Айнабұлақ, Құлагер және Жас қанат пен Зерделі шағын аудандарында жаттығу алаңдары мен спорт орталықтарының құрылысы жүріп жатыр», - деді қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов.

Еске сала кетейік, алматылықтар өткен жылы салауатты өмір салтын ұстанатындар саны бойынша республикада көш бастаған болатын.

Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров