Алматыда оқушылар арасында тоғызқұмалақтан сайыс өтті

18.01.2023 в 01:51

Доданың жүлде қоры 300 мың теңге

Алматыда оқушылар арасында тоғызқұмалақтан сайыс өтті. AMANAT CUP деп аталатын кубокқа шаһар бойынша мықты ойыншылар таласты, деп хабалайды Almaty.tv тілшісі.

Доданың жүлде қоры 300 мың теңгені құрады. Бұл оқушылар үшін үлкен мотивация, - дейді ұйымдастырушылар. AMANAT партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев ұлттық спорт қатарына енген тоғызқұмалақты барынша қолдау керегін айтты.

Мұнда жиналғандар тоғызқұмалақтан Алматы қаласы бойынша үздіктер саналады. Кіл мықтылардың басын қосқан біріншілікте 40 оқушы 20 жұп болып сайысқа түсті. Жарыс  6 раундтан тұрды. Жалпы сайысты өткізудегі мақсат – жастар арасында ұлттық спорт түрін кеңінен дәріптеу. Есте болса, тоғызқұмалақ ойынын ЮНЕСКО адамзатқа ортақ мәдени мұра деп таныған еді.

«Алматыда 8 ауданда 200 мектептен мыңға жуық бала осы спорт түрімен айналысады қазіргі таңда. Енді былай айтсақ, біз әлемде 20 команда болса, әлемде Қазақстан командасы бірінші орында осы ұлттық спорт түрінен. Қыркүйек айында осы жылы Алматы қаласында әлем чемпионаты өтеді. Сондықтан, оның барлығы бекер емес, балалардың айналысып жатқаны. Алдарында мотивация дейміз ғой. Мотивация бар. Өсуіне, өркендеуіне. Сол үшін бұл спортты тоқтатпау керек. Дамыту керек әрі қарай», – деді қалалық мәслихат депутаты Бақытбек Жұмабаев.

«Енді балаларымыздың қызығушылығы жақсы. Бір ерекшелігі, есепке жүйрік болу керек. Логика, стратегия болса да, тоғыз отау, әрқайсысынан жүріс басталған кезде есеп мүлде өзгереді. Ол жердегі құмалақтардың санына байланысты. Балаға өте пайдалы», – деді қалалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсын

Тоғызқұмалақтан қалалық біріншілік AMANAT партиясының қолдауымен өткізілді. Сондай-ақ кәсіпкерлер де көмекке келген. Сайыста жүлделі орынға 6 ойыншы ілікті. Бірінші орын иегерлері 50 мың теңгеден, екінші орын алғандар 30 мың, ал үшінші орын 20 мың теңгеден қаржылай сыйға ие болды. Оған қоса, әрқайсысына жеке-жеке кубок табысталды.

«Жасөсіпірімдер арасында 15 жасқа дейінгі балалардың арасында қалалық біріншілік өткізіп отырмыз. Бүгін 40 бала қатысып отыр. Бірақ ол қалада іріктелген балалар. Олардың барлығы келіп, осы жерде 1,2,3 орындарды анықтадық. Жасөсіпірімдер арасында ұлттық ойынды, дәстүрді  сақтауымыз қажет», – деді AMANAT партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев

«Мен көптеген жарыстарға қатысқанмын. Оны мен есептемеймін. Бұл жарыс та өте жақсы өтті. Көптеген қарсылас болды. Ойлау, есте сақтау қабілеті жақсы болуы керек.», – деді сайыс жеңімпазы Оспан Әли

Айта кетейік, Мемлекет басшысы шығыны аз спорт түрін дамыту туралы ұсыныс айтқан еді. Оның қатарында тоғызқұмалақтан бөлек шахмат, үстел теннисі, садақ ату, қазақша күрес бар. Бұл қадам балаларды теріс әдеттерден аластатады. Сондықтан Алматыда өткен жарыс игі бастаманың тек басы ғана.

Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы