Алматыда шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты ашылды

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаһандық додаға 50 елдің үздік 290 шахматшылары қатысады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты ашылу рәсіміне халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович, Алматы әкімі Ерболат Досаев, мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, әлем чемпионатына қатысушы елдердің елшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Жаһандық додаға 50 елдің үздік 290 шахматшылары қатысады. Ашық турнирге 176 ойыншы қатысады. Сайыстың фавориті соңғы 10 жылдағы әлем чемпионы Магнус Карлсен (Норвегия).

Әйелдер турнирінде 100-ден астам спортшы бақ сынайды. Қазақстанның намысын әлемге әйгілі шахматшылар Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева қорғайды.

Чемпионат 26-28 желтоқсан аралығында рапид ойындарымен басталады, блиц ойындары 29-30 желтоқсан аралығында өтеді. Сол күні жеңімпаздарды марапаттау және жарыстың жабылу рәсімі болады.

2022 жыл ФИДЕ шахматтағы әйелдер жылы деп жарияланды. Осы іс-шара аясында 2022 жылғы 27 желтоқсанда ФИДЕ басқарушы директоры, әйелдер гроссмейстері Дана Рейзниеце-Озола шеберлік сыныбын және талантты қазақстандық қыздарға арнап бір мезгілде ойын сеансын өткізеді.

Жарыс күндері төрешілер корпусына арналған ФИДЕ семинарлары, балалар мен барлық әуесқойға арналған бір мезгілде ойын сеанстары мен блицтер, IT саладағы бағдарламашылар үшін жеке турнир өтеді.

Турнирдің ұйымдастырушылары ФИДЕ және Қазақстан шахмат федерациясы. Чемпионат Алматы қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіледі.

Шахмат сайысына билеттерді сату сервисінен алуға болады, балаларға кіру тегін. Бұған қоса, турнир chess24.com және chess.com сынды жаһандық онлайн алаңдарда көрсетіледі.

Чемпионат кестесі мен бағдарламасын чемпионаттың worldrapidandblitz2022.fide.com сайтынан білуге болады.

Новости партнеров