Оны спорт сарапшылары айтқан
Париждегі жазғы олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан бұл дүбірлі доданы 7 медальмен тәмамдап, 43-ші орынға тұрақтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір спортшыларымыз елге оралып жатыр. Төртжылдықта Қазақстан спортшыларының өнер көрсетуі көпшіліктің көңілінен шықпапты. Оны спорт сарапшылары айтып жатыр.
Біздің спортшыларымыз Франция астанасында 7 медаль жеңіп алды. Ел қоржынындағы жалғыз алтынды Елдос Сметов еншіледі. Ол дзюдодан 60 келі салмақта сынға түскен еді. Сондай-ақ қазақстандықтар 3 күміс медаль иеленді. Гимнаст Нариман Құрбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев және боксшы Нұрбек Оралбай тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Ал Париж олимпиадасының қола медалін Назым Қызайбай, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев қанағат тұтты.
Париждегі Қазақстанның жетістігі - доданы 43 орынмен аяқтадық. Қазір спортшыларымыз елге оралып жатыр. Туризм және спорт министрлігі төртжылдықты қорытындылап, жиналыс өткізбекші.
«Тек қана боксқа емес, басқа да федерацияға сұрақтар көп. Неге десеңіз, үкімет тарапынан, ел тарапынан барлық жағдай жасалған болатын. Біз оны бірнеше рет Олимпиаданың алдында болған брифингтерде айтып жүрміз. Штаб құрылды. Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп, ол штабқа кіріп, күні-түні жұмыс атқарған болатын. Бүкіл оқу-жаттығу жиындарын сапалы және орынды өткізген болатынбыз», - дейді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
"Осы жолғы Олимпиадада тарихи жеңістер болғаны қуантады. Алғаш рет дзюдодан алтын алдық, спорттық гимнастикадан медаль бұйырды, оқ атудан да отандастарымыз тұғырдан көрінді. Дегенмен, жанкүйерлердің көңілі толмай отыр" дейді спорт сарапшысы Шалқар Естен. Маманның айтуынша, келесі Олимпиадаға мүлдем басқаша дайындалып бару керек.
«Олимпиадаға спорттың әр түрінен дайындалу керек», - деді спорт сарапшысы Шалқар Естен.
Париж олимпиадасына Қазақстаннан 80 спортшы барған еді. Бірақ сайыстың алғашқы күндері екі бірдей спортшымыз Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева сырқаты мен жарақатына байланысты ойыннан шығып қалды.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана.