Ташкентте топ жарған тарландарымыз 315 мың доллардан алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін чемпиондарымызды Астанадағы әуежайдан халық шашу шашып, ән салып, қазақтың дәстүрі бойынша күтіп алған еді. Ташкентте түрен салып, қарсылас шақ келтірмеген қазақстандық боксшыларды дәл осылай рухты әнмен, тәтті шашумен қарсы алды. Біздің чемпиондар екі рейспен оралды. Күндіз Асланбек Шымбергенов пен Сабырхан Махмуд және күміс жүлде алған Дулат Бекбауов келген еді. Кейін, сағат 17:00-де Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбай отырған ұшақ конды.
– Әлем чемпионы ретінде танылып жатырмыз. Алда олимпиада ойындары, Азия ойындары бар. Алла қаласа, елдің абыройын асқақтатып, көк туды көкке көтеру үшін күшімізді саламыз, – деді бокстан әлем чемпионы Нұрбек Оралбай.
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов әлем бірінішілігіне кімнің баратынын таңдау қиын болғанын айтады.
– Әлем чемпионатына ілігудің өзі қиын болды. Бір салмақта бірнеше кандидат болған еді. Оқу-жаттығуға, түрлі жарысқа жиі жібердік. Барлық жерде біздің жігіттер ұтып келіп отырған соң, таңдау қиын болды, – деді бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Спортшылар алдағы Азия чемпионаты мен Олимпиада ойындарына дайындықты бастамақшы. Айтпақшы, әлем біріншілігінде топ жарып, жүлде алған боксшыларымыз халықаралық және Қазақстанның бокс федерациясы тарапынан қомақты қаржылай сыйақы алады. Сондай-ақ заңнамаға сәйкес бапкерлерге де ақшалай сыйақы қарастырылған.
– AIBA халықаралық ұйымы әрқайсысына 200 мың доллар төлейтін болады. Ал өзіміздің Қазақстан бокс федерациясы қосымша 100 мың доллар береді. Сондай-ақ заңнамаға сәйкес, министрлік тарапынан әрбір чемпионға қосымша 15 мың доллар, бапкерлеріне қосымша 15 мың доллардан берілетін болады, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына Қазақстанның намысын қорғау үшін 13 спортшы аттанған еді. Финалға 5 боксшы өтіп, оның төртеуі жеңген болатын. Дода нәтижесінде Қазақстан әлем чемпионаты тарихындағы медальдар саны бойынша үшінші орынға көтерілді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана