Волейболдан ел чемпионатында топ жарған алматылық «Буревестник» құрамасы клубтар арасында өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастап кетті. Қаламыздың намысын қорғап жүрген спортшылар осымен екінші рет қатарынан ішкі біріншілікті жеңіп, ел кубогі мен супер кубокті иемденген еліміздегі жалғыз ұжым, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біздің құрама осындай дәрежелі турнирге жолдама алу үшін барын салды. Сол үшін жігіттеріміз ойын мен жаттығу барысында жарақат та алып қалды. Соған қарамастан біз өзіміздің мықтылығымызды дәлелдеп, елде өтетін барлық жарыста бірінші болдық. Сол үшін ойыншылар мен клуб басшылығына алғысым шексіз», – деді «Буревестник» клубының бас бапкері Александр Запевалов.
Мұнда Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін 6 ойыншы бар. Тағы бір айта кетерлігі, клубта 23 жасқа дейінгі спортшылар да жастар арасында өткен Республикалық чемпионатта топ жарды. Еске салайық, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жергілікті ұжымның мұндай жетістіктерін жоғары бағалап, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында құттықтаған болатын.
«Ел чемпионатын осымен екінші рет қатарынан жеңгенімізге өте қуаныштымын. Көңіл-күй өте ерекше. Әсіресе, жыл сайын жеңімпаз болған сайын чемпион болуға деген құмарлығың одан сайын арта береді. Ал, қазір бар күшімізбен Азия чемпионатында жақсы өнер көрсету үшін жаттығуды бастап кеттік», – деді «Буревестник» клубының үздік ойыншысы Виталий Вориводин.