Еркін күрестен ұлттық құрама үздіктер қатарынан орын алды

26.04.2022 03:30

Балуандар Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына қатысады

Еркін күрестен Азия чемпионатында сәтті өнер көрсеткен ұлттық құрама спортшылары елге оралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отандастарымыз Моңғолияда өткен сары құрлық додасында алтын, 3 күміс және 4 қола медаль еншілеп, командалық есепте үздік үштіктен көрінген еді. Балуандарды әуежайдан күтіп алу үшін олардың туыстары мен ет жақындары жиналды. Олар Ұлан-Батыр төрінде ел мерейін асырып, көк туымызды желбіретіп келген спортшыларды үлкен құрметпен қарсы алды. Әсіресе қоржынға жалғыз алтын медаль салған Азамат Дәулетбековтің отбасы үшін бұл ерекше қуаныш. Осыған дейінгі чемпионаттарда қола мен күмістен аса алмаған балуан жеңімпаз атанды.      

«Жарыс мен үшін сәтті өтті. Бәрі ойдағыдай болды. Бапкерлердің қойған тапсырмаларын орындап шықтым. Осы жеңісімді ата-анама, отбасыма арнаймын», – деді Азия чемпионы Азамат Дәулетбеков.

Финалға дейін сүрінбей жеткен отандасымыз ақтық кезеңде үндістандық тәжірибелі Дипак Пуниямен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қорытынды есеп 6:1.  

«Бүгін енді қуанышты, тарихи сәт деп айтсақ болады, алтынды алғаш алуы. Азамат үшін жетістіктерге жол ашылады деп ойлаймын», – деді А.Дәулетбековтің досы Данияр Қайсанов.

Айта кетейік, еркін күрес шеберлері алдына Иран, Үндістан құрамаларын жіберіп, үшінші орынға жайғасты. Құрама сапынан Азаматтың алтынынан бөлек, Рахат Қалжан мен Әлішер Ерғали және Нұрқожа Қайпанов күмісті місе тұтты. Ал Талғат Сырбаз, Мамед Ибрагимов, Ақбар Құрбанов пен Әділет Дауланбаев үздік үштіктен көрінді. Грек-римшілер болса араға 23 жыл салып, Азия чемпионатында көш басына шықты.

«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Жарыс  осы жолы қиын болды. Барлық қарсыласым жақсы дайындалып келген. Оңай болмады», – деді Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпанов.

Спортшылардың ендігі мақсаты  – жақында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына қатысып, үздіктер қатарынан көріну.

Мерей Қанапиянов, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы