Алматылықтар жаһандық жарысты қаладағы 5 алып LED экранынан тамашалауда
Франция астанасында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде 8-орында тұр. Қоржында 1 алтын, 2 қола бар. Елдің үкілі үмітін арқалаған спортшыларымыз бүгін бокс, үстел және үлкен теннис, жүзу мен бадминтоннан тартысқа түсіп, бағын сынайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміз егемендік алғалы 15 рет Олимпиада ойындарына қатысып, спорттың сан түрінен сынға түскен. Биыл Парижде өтіп жатқан дүбірлі додада 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынып отыр. Алматылықтар Франция елінде болып жатқан жаһандық жарысты қаладағы 5 алып LED экранынан тамашалап, тікелей эфирден көруге мүмкіндік алды.
– Қазақстанның спортшыларына сәттілік тілейміз! Боксшыларға үміт артып отырмыз, – деді қала тұрғыны Бағылан Өтеген.
– Қазақтың атынан шығып жатқандықтан толқу бар, уайымдаймыз. Елдің абыройын қорғауға бара жатқандықтан, барлығына тілекші болып отырмыз, жеңіс тілейміз! – деді қала тұрғыны Аружан Жақсылық.
Париждегі Олимпиада ойындарының алғашқы медалін Қазақстандық оқ ату командасы иемденіп, ел қоржынына алғашқы қоланы салды. Аралас командалар арасында пневматикалық мылтық атудан үшінші болған Александра Ле мен Ислам Сәтбаевтің жеңісі құраманың жігерін шыңдай түсті.
– Сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес. Тікелей эфирді көріп отырғанда қатты толқып, көзіме жас келді. Ұлымды мақтан тұтамын! Қаншама жылдық еңбегі ақталып, олимпиададан елге жүлдемен оралуы – керемет нәтиже. Оның спортқа деген құштарлығы 7-сыныпта басталып, содан бері талмай еңбек етіп келеді, – деді И. Сәтбаевтың анасы Әлия Сәтбаева.
Дүбірлі доданың бірінші күні қазақ елі үшін тарихи сәтке айналды. Төрткүл дүниені таңқалдырып, үш бірдей Олимпиаданы бағындырған Елдос Сметов дзюдодан алғашқы "алтынды" жеңіп алды. Байрағымызды асқақтатып, әнұранды шырқатқан батыр – үш Олимпиада ойындарынан медальмен оралған тұңғыш спортшы.
Әлемнің назарын қазақ еліне аудартқан тағы бір спортшымыз Ғұсман Қырғызбаев кезекті қола медальге қол жеткізді. Спортшының сыңары «66 келі салмақтағы дзюдошы үшін бұл соңғы олимпиада болғандықтан, жеңістің әсері бөлек» деп бөлісті. Жеңімпазды Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та құттықтап, қолдауын білдірді.
– Аллаға шүкір, керемет кештің куәсі болып отырмыз. Ғұсман бұл уақытты 22 жыл күтті, осы сәт үшін азаннан кешке дейін еңбек етті. Аллаға шүкір, олимпиаданың қола жүлдегері! Карьерасының нүктесін олимпиада медалімен қойып отыр, өте қуаныштымын! – деді Ғ. Қырғызбаевтың егізі Ғұмар Қырғызбаев.
– Бұл – қазақ елінің жемісі! Күйеуімді мақтан тұтамын! «Медаль алып келемін» деп еді, халыққа берген уәдесін орындады, – деді Ғ. Қырғызбаевтың жұбайы Жансая Серік.
Сайдың тасындай жан-жақтан жиналған сайыпқырандардың ішінде топ жару оңай емес. Олимпиада ойындары – спортшылардың еңбегінің жемісін көрсететін ұлы арена. Бүгін де ұлттық құраманың спортшылары бірнеше ойында бақ сынап, жеңіс үшін тартысқа түседі.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Сағынғали Мұңайтпасов, Әлібек Шынтемір, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ғұсман Қырғызбаевтың ата-анасы: Біз ұлымызға жеңіс батасын берген едік
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!