Алатау салбұрыны – 2026: Сарыжазда ұлттық спорт түрлерінен халықаралық турнир өтті

09.11.2026 15:54

Қазақтың бүркітпен және тазы итпен аң аулау дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуі мүмкін

Almaty.tv

Қазақтың бүркітпен және тазы итпен аң аулау дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуі мүмкін. Бұл туралы саятшылықты ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған «Алатау салбұрыны – 2026» халықаралық турнирінде белгілі болды. Сарыжаз ауылында дүркіреп өткен үш күндік дүбірлі додада еліміздің әр өңірі мен шет мемлекеттерден келген құсбегілер бақ сынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақтың қанына сіңген қыран баптау өнері – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан асыл мұра. Көшпенділер өркениетінде саятшылық тек күнкөрістің көзі емес, ер жігіттің ептілігі мен төзімін, тектілігін танытатын дәстүр болған. Сарыжазда өткен халықаралық жарыста бабадан қалған өнердің қадірі асқақтай түсті.

Биылғы турнирге Қырғызстан, Қытай және Моңғолиядан, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен құсбегілер жиналып, бүркіт, ителгі мен қаршығаның қарымын сынады. Құсбегілік федерациясы алдағы желтоқсан айында Салбұрын салты әлемнің материалдық емес құндылықтар тізіміне ресми түрде қосылуы әбден мүмкін екенін жеткізді.

«Салбурын дегеніміз – тек бүркітті қолға алып, аңға шығу  емес. Бұл – қазақтың ескіден келе жатқан салт-санасымен ерекшеленетін бірегей дәстүр. Биыл Салбурын қазақтың тазысы мен бүркітін қамтитын бірыңғай номинация бойынша ЮНЕСКО-ның қорғауына алынады деп қуанышты жаңалық күтіп отырмыз», – деді Республикалық құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы.

Дүбірлі додада тәжірибелі қариялар мен жас буын қатар қатысып, ұмытылып бара жатқан өнердің қайта жандануына үлес қосты.

«Ат баптау, бүркіт ұстаумен айналысып келемін. Жасым 90-ға келді. Кейінгі кезде ата-бабамыздың ат жүгірту, бүркіт салу салты сиреп қалған еді. Қазір бұл өнердің қайта қолға алынып, жастар арасында өркендеп жатқаны қуантады», – деді спорт саласының үздігі Қонысбай Рамазан.

Турнирдің басты бір олжасы – жас буынның ұлттық өнерге деген ерекше ықыласы. Солардың бірі – төрт жасынан бері қыран ұшырып жүрген 15 жастағы Досымжан Жамбыл. Ол «Ақжол» атты бүркітімен қарсыластарынан озып, бас жүлдені иеленді.

Салалық сайыстардың қорытындысы бойынша:

  • Бүркіт бабы: Алматы облысының намысын қорғаған Досымжан Жамбыл («Ақжол») бірінші орынды иеленді.

  • Ителгі сайысы: Қарағанды облысының құсбегісі Темірәлі Төлегенұлы («Жұлдыз») топ жарды.

  • Қаршыға бәсекесі: Алматы облысының өкілі Сағыныш Баетбай («Жебе») оза шапты.

Қыранның қияға самғауы – құсбегінің мерейі болса, осындай дәстүрдің үзілмеуі – тұтас ұлттың мерейі. Сарыжаз төрінде өткен халықаралық турнир оның жарқын дәлелі болды.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы бір топ спортшыға мемлекеттік марапаттар тапсырды

Толық көрсету