Алматыда 88 елден келген жас шахматшылар саны рекорд орнатты

19.09.2025 18:57

Халықаралық іс-шараның ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты

Алматыда шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет кешенінде 30 қыркүйекке дейін өтетін бәсекеге 88 елден 850-ден астам жас шахматшы жиналды. Жарыста жас буын халықаралық деңгейде бақ сынап, тәжірибе жинауға мүмкіндік алады. Дода Қазақстан шахмат тарихындағы ірі халықаралық сайыстардың бірі болмақ. 

Чемпионат 8, 10 және 12 жасқа дейінгі санаттағы спортшыларды біріктіріп отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген өрендер жас ерекшеліктеріне қарай бақ сынайды. Үндістаннан – 28, Қытайдан – 25, АҚШ-тан – 24 спортшы тіркелген. Ал сайыс өтетін алаң иесі Қазақстан атынан 200-ден астам жас шахматшы қатысып жатыр. ФИДЕ президенті атап өткендей, бұл турнир қатысушы саны бойынша ерекшеленіп, рекорд орнатты.

«Кадеттер арасындағы бұл турнир жыл сайын өтеді. Ал Қазақстандағы чемпионаттың басты ерекшелігі – қатысушы елдердің көптігі. Биыл бірден 88 мемлекеттің Шахмат федерациясы өз делегациясын жіберіп отыр. Оның үстіне, Қазақстанның өзінен ғана 200-ден астам бала тіркелген. Бұл елдегі шахматтың қаншалықты дамып келе жатқанын көрсетеді. Болашағы да жарқын екені сөзсіз», – деді халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович.

Халықаралық іс-шараның ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.

Айта кетейік, қазақстандық жас шахматшылар турнирде басты үміткерлер қатарында. Әдинұр Әділбек пен Алиша Бисалиева U8 санатында көшбасшылардың бірі саналады. Аланна Берікқызы мен Жансая Шолпанбек G12 санатында ел намысын қорғаса, Әміржан Әнетов пен Ризат Ұлан U10 санатында фаворит атанып отыр.

«Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионымын және Азияның чемпионымын. Әлем чемпионатына 2 ай күніне 6-7 сағат дайындалдым, күшімді салуға тырысамын», – деді шахматшы Жансая Шолпанбек.

«Шахматшы ретінде шетелге алғаш рет шығып тұрмын. Бұл спорт түрімен 3 жыл айналысып келем. Жасым 8-де, кем дегенде 4-5 партияны жеңуге ниеттімін. Қобалжу бар, бірақ қолдан келгенін жасаймын», – деді шахматшы Онг Юн Ли (Аустралия)

Дәл осындай халықаралық деңгейдегі шахматтан ауқымды дода Алматыда алғаш рет өтіп жатыр.

Еске сала кетейік, былтыр Италияда өткен жарыста қазақстандық спортшылар 2 алтын мен 1 күмісті иемденіп, жалпыкомандалық есепте көш бастаған. Биыл да спортшылардан дәл сондай жетістіктер күтеміз. Алдағы 11 күнде 11 тур өтеді. Ақтық жарыс 30 қыркүйек өтіп, жеңімпаздар анықталады.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, Мейрам Исабеков